Спорт

Қазақстандық 7 шахматшы әлемдік рейтингте үздік 100 қатарына енді

Сурет: istockphoto.com

Қазақстанның жеті шахматшысы FIDE әлемдік рейтингінде үздік 100 ойыншының қатарына қосылды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Отандастарымыз арасында ең жоғары нәтижені Бибісара Асаубаева көрсетті. Оның 2536 ұпайы бар, бұл көрсеткішпен гроссмейстер әлемдік тізімде бесінші орынға тұрақтады.

Рейтингтегі басқа қазақстандықтардың орны төмендегідей:

  • Алуа Нұрман – 22-орын, 2455 ұпай;
  • Меруерт Камалиденова – 37-орын, 2413 ұпай;
  • Ксения Балабаева – 58-орын, 2384 ұпай;
  • Лия Құрманғалиева – 77-орын, 2361 ұпай;
  • Амина Қайырбекова – 83-орын, 2355 ұпай;
  • Елназ Қалиахмет – 94-орын, 2347 ұпай.

Қыркүйектегі жаңартылған рейтингте Ксения Балабаева мен Елназ Қалиахмет айтарлықтай ілгерілеген. Балабаева өз көрсеткішін 59 ұпайға арттырып, 2325-тен 2384-ке жеткізді. Осылайша ол тұңғыш рет әлемнің үздік жүз шахматшысының санатына енді.

Ал он бес жасар Елназ Қалиахмет 43 ұпайға көбейтіп, 2304-тен 2347-ге көтерілді. Сонымен қатар Алуа Нұрман 24-орыннан 22-ге, Меруерт Камалиденова 46-орыннан 37-ге жоғарылады.

Бұған дейін Бибісара Асаубаева Францияның Сен-Тропе қаласында өтіп жатқан WR Women’s Chess Tour 2026 супертурнирінің еуропалық кезеңінде рапид бағытында жеңімпаз атанғанын еске саламыз. Ол жарыстың алғашқы күнінде 5,5 ұпай жинаған еді.

Көп оқылғандар