Сурет: Қазақстан шахмат федерациясы
Қазақстандық шахматшы Мария Холявко Үндістанның Мумбаи қаласында өткен 20 жасқа дейінгі қыздар арасындағы Азия чемпионатында күміс жүлдегер атанды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Классикалық шахмат турнирінде 15 жастағы отандасымыз 9 ұпайдың 7-ін жинап, екінші орынға ие болды. Ол бес партияда жеңіске жетіп, төрт ойынды тең аяқтады. Соңғы турда түрікменстандық Лейла Шохрадованы ұтты.
Чемпионат жеңімпазы – 7,5 ұпай жинаған үндістандық Пратити Бордолои. Қола медальды 6,5 ұпаймен тағы бір үндістандық Ниведита жеңіп алды.
Мумбайдағы жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионаты 17–25 тамыз аралығында өтті. Классикалық шахмат турнирі швейцариялық жүйе бойынша 9 турдан тұрды. Уақыт бақылауы – партияға 90 минут, әр жүріске 30 секунд қосылады. Қыздар арасындағы жарысқа 7 елден 66 шахматшы қатысты, оның ішінде Үндістан, Қазақстан, Мальдив аралдары, Непал, Түрікменстан, Өзбекстан және Шри-Ланка өкілдері бар.
Мария Холявко – FIDE әйелдер мастері (WFM). Ол биыл Орталық және Солтүстік Азия чемпионатында 20 жасқа дейінгі қыздар арасында классикалық шахмат пен блицте жеңімпаз атанған.
Халықаралық шахмат федерациясы FIDE Орталық және Солтүстік Азия чемпионатында U20 жас санатында классикалық шахмат бойынша жеңіске жеткені үшін (1–8 шілде, Қырғызстан, Қорумду ауылы) Иманғали Ахилбайға IM атағын (гроссмейстерлік нормамен бірге) және Мария Холявкоға WIM атағын (WGM нормасымен) берді.
