Қаржы

Қазақстанда сары май өндірісі 47,4%-ға артты

Сурет: stat.gov.kz

Биылғы жылдың алғашқы төрт айында Қазақстанда сары май мен күнбағыс майы өндірісі тұрақты өсім көрсетті. Сыртқы сауда көрсеткіштері де оң динамиканы растап, екі өнім түрі бойынша экспорт көлемі ұлғайды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Есепті кезеңде елімізде майлылығы 85%-дан аспайтын 13,8 мың тонна сары май өндірілді. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 47,4%-ға артық.

Сары май экспорты 40,4%-ға өсіп, 2026 жылғы қаңтар-сәуір аралығында шетелге 394,1 тонна өнім жөнелтілді. Өткен жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш 280,7 тонна болған. Негізгі экспорттық нарықтар – Ресей, Моңғолия, Қырғызстан және Беларусь.

Сары май импорты 2 242,2 тоннаны құрап, ішкі нарықтағы импорттық өнімнің үлесі 13,9% болды. Негізгі жеткізушілер – Беларусь пен Иран. Төрт ай ішінде ішкі нарықта 15,7 мың тонна сары май өткізілді.

Күнбағыс майы өндірісі де оң өсімді сақтап, 2026 жылғы қаңтар-сәуір айларында отандық кәсіпорындар 335,5 мың тонна тазартылған және тазартылмаған күнбағыс майын өндірді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 13,2%-ға көп.

Күнбағыс майының экспорты 49,6%-ға артып, 353,8 мың тоннаны құрады. Өткен жылдың осы кезеңінде 236,4 мың тонна өнім экспортталған. Негізгі экспорт бағыттары: Өзбекстан – 153,2 мың тонна, Қытай – 127,2 мың тонна, Ауғанстан – 38,6 мың тонна, Тәжікстан – 27 мың тонна, Иран – 4,9 мың тонна және басқа елдер.

Күнбағыс майының импорты 47,9 мың тоннаны құрап, ішкі нарықтағы импорттық өнімнің үлесі 12,5% болды. 2026 жылғы қаңтар-сәуір айларында Қазақстанның ішкі нарығында 29,7 мың тонна күнбағыс майы өткізілді.

Көп оқылғандар