Қаржы

Қазақстанда пәтер жалдау құны 30%-ға қымбаттады

Сурет: ашық дереккөз

Қазақстанда пәтер жалдау құны бір ай ішінде айтарлықтай өсті. 28 шілде мен 31 тамыз аралығында бір бөлмелі пәтерлердің жалдау ақысы орта есеппен 11 пайызға, екі бөлмелі пәтерлер 13 пайызға, ал үш бөлмелі пәтерлер 10 пайызға қымбаттады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Krisha.kz деректеріне сүйенсек, бағаның өсуі тек Алматы мен Астанада ғана емес, елдегі өңірлік орталықтардың көпшілігінде байқалған. Зерттелген 19 қаланың барлығында екі бөлмелі пәтерлерді жалдау құны өскен. Ең жоғары өсім Қарағанды, Қостанай және Павлодар қалаларында тіркелді.

Қарағандыда баға 26 пайызға өсіп, айлық жалдау ақысы 230 мың теңгеге жетті. Қостанайда 25 пайызға қымбаттап, 250 мың теңге болды. Павлодарда да 25 пайызға өсіп, 250 мың теңгеге жетті. Алматы мен Астанада баға 16,7 пайызға көтеріліп, 350 мың теңгені құрады.

Салыстырмалы түрде алғанда, бір бөлмелі пәтерлердің бағасы орта есеппен 11 пайызға, үш бөлмелілер 10 пайызға қымбаттаған. Қазіргі уақытта пәтер жалдау ақысы ең жоғары қалалар қатарында Алматы мен Астана тұр.

Тамыз айының қорытындысы бойынша Астанада бір бөлмелі пәтер жалдау құны Алматыдан әлі де қымбат. Елордада мұндай пәтердің орташа медианалық жалдау ақысы 250 мың теңге болса, Алматыда – 230 мың теңге. Ал үш бөлмелі пәтерлер бойынша екі қаладағы баға теңесті. Шілде айының соңында Алматыда бұл санаттағы баспана 400 мың теңге болса, Астанада 500 мың теңге тұрған. Қазір екі қалада да жалдау ақысы 500 мың теңгеге жетті.

Екі бөлмелі пәтерлердің бағасы да теңескен. Шілдеде Алматыда жалдау құны 300 мың теңге, Астанада 350 мың теңге болған. Қазір екі қалада да баға 350 мың теңге деңгейінде. Осылайша, Астана бір бөлмелі пәтер жалдау бойынша ең қымбат қала болып отыр. Ал екі және үш бөлмелі пәтерлердің бағасы Алматыдағы көрсеткішпен теңесті.

Жекелеген қалаларда пәтер жалдау құны бір айдың ішінде төрттен бірге жуық қымбаттаған. Мәселен, Павлодарда бір бөлмелі пәтердің жалдау ақысы 28,6 пайызға өсіп, 140 мың теңгеден 180 мың теңгеге жетті. Көкшетауда үш бөлмелі пәтерлер 30 пайызға қымбаттады – 200 мың теңгеден 260 мың теңгеге дейін өскен. Қарағандыда бір бөлмелі пәтерлердің жалдау ақысы шамамен 20 пайызға, үш бөлмелі пәтерлер 22 пайызға артқан. Қостанайда бір бөлмелі пәтерлердің бағасы 20 пайызға өсті.

Жалпы өсім аясында Қонаев қаласы ерекшеленді. Мұнда бір бөлмелі пәтерлердің жалдау ақысы 150 мың теңгеден 140 мың теңгеге дейін төмендеген. Ал екі бөлмелі пәтерлердің бағасы 3 пайызға өскен, үш бөлмелі пәтерлердің құны өзгермеген.

Бір ай ішінде Алматыда екі бөлмелі пәтерді тәулігіне жалдау құны 22 мың теңгеден 23 мың теңгеге дейін өскен, яғни 4,5 пайызға қымбаттаған. Астанада тәуліктік жалдау ақысы өзгеріссіз қалған.

Көп оқылғандар