Қаржы

Қазақстанда көшіп-қону қызметінің құны қанша

Сурет: Magnific

Қазақстандықтар көшіп-қону кезінде жүк тасымалы қызметіне ондаған мың теңге жұмсауы мүмкін, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Жүк тасымалдауда бірнеше факторды ескеру қажет. Жүк көлеміне қарай көлік түрі таңдалады. Жүкті жабық көлікпен тасыған дұрыс, оның көлемі әртүрлі болады. Бұл ретте жиһаз көлемі мен саны, қала ішіндегі қашықтық ескеріледі.

Кейде ірі көлемді қоқыс шығаратын жүк көлігі қажет болады, оның бағасы басқаша. Жүк тасымалдаушы қоқыс полигоны тарифін қосып есептейді.

Егер жүк көтеретін адам болмаса, қосымша ақы алынады. Бұл үшін алдын ала ескертіп, қосымша қызмет көрсететін адамды ерте келуін сұрау керек. Жүк көтеретін адамдар көбіне 4 000 теңге алады. Жиһаз, тоңазытқышты бір адам көтере алмайды, кем дегенде екі адамның көмегі қажет.

Жүк көлігінің қызметі сағатына есептеледі. Сондықтан жиһаз, кереует, тұрмыстық техника мен ауыр заттарды алдымен есік алдына шығарып, дайындап алған жөн. Дайындық болмаса, көлік иесі әр сағатты санап, ақысын алады. Шығынды болдырмау үшін бәрін алдын ала жоспарлау керек.

Тасымалдау қызметіне жүк көлемі мен барар жердің арақашықтығы әсер етеді. Оған жүк көтеретін адамдардың қызмет ақысын қосу қажет.

Рейтинг бойынша бір сағат ішінде жүк тасымалдау ақысы есептелді. Ең арзан қызмет Ақтау қаласында – 1 500 теңгеден басталады. Одан кейінгі орында Шымкент қаласы тұр, мұнда 2 000 теңге және одан жоғары. Шымкент ірі мегаполис екенін ескеру қажет.

Қарағанды, Тараз, Өскемен мен Ақтөбе қалаларында баға 2 500 теңгеден басталады. Қызмет ақысы төмен болса, көп жүк тиеп алатын көлік күтудің қажеті жоқ. Бұл ГАЗель көлігінің қызмет құны.

Астана мен Талдықорғанда жүк тасымалының құны сәл жоғары – жүргізушілер сағатына 2 800 теңге алады.

Еліміздің көп өңірінде тасымалдау қызметінің құны 3 000 теңге. Қостанай, Орал, Павлодар, Семей, Атырау, Көкшетау, Түркістан, Екібастұз және Алматыда баға осындай.

Жезқазған қаласында ең арзаны 3 500 теңгеден басталады. Дегенмен Қазақстанның кез келген қаласында әр жүргізушімен жеке келісіп, ортақ мәмілеге келуге болады.

Қызылорда мен Петропавл қаласында баға 4 000 теңгеден басталады. Бір сағаттық тасымалдау құны көп қалада тіпті 10 000 теңгеге дейін жетеді. Такси қызметінің ішінен жүк тасымалына тапсырыс беруге болады. Сондай-ақ тегін сайт арқылы хабарлама қарап, шақыруға мүмкіндік бар.

Бұған дейін Қазақстанда баспана бағасының өзгеруі туралы жазылды. Сондай-ақ бір отбасының шетелдегі демалысқа қанша шығындайтыны белгілі болды.

Көп оқылғандар