Қоғам

Қазақстанда Кертағының екінші құлыны дүниеге келді

Сурет: Экология және табиғи ресурстар министрлігі

Қазақстанда Кертағының (Пржевальский жылқысы) екінші құлыны дүниеге келді. Бұл жолы «Умбра» есімді бие төлдеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Бұл – Кертағы тарихи мекеніне қайтару жөніндегі халықаралық бағдарлама аясында Қазақстанда туған екінші құлын. Алғашқы құлын 2026 жылғы 22 тамызда «Алтын Дала» мемлекеттік табиғи резерваты аумағындағы «Әліби» жабайы тұяқты жануарларды реинтродукциялау орталығында дүниеге келген еді.

«Екінші құлынның дүниеге келуі Қазақстанға әкелінген Кертағылардың дала жағдайына бейімделіп, табиғи жолмен көбейе бастағанын көрсетеді. Бұл табиғи ортада өздігінен көбейетін тұрақты популяция қалыптастыру жолындағы маңызды қадам саналады», делінген Экология және табиғи ресурстар министрлігінің хабарламасында.

Айта кетейік, Кертағы – Еуразияда сақталған жабайы жылқылардың соңғы түрі. ХХ ғасырда бұл жануар табиғи ортада жойылып кеткенімен, хайуанаттар бақтарында сақталған популяция негізінде кейін халықаралық бағдарламалар арқылы тарихи мекеніне қайта жерсіндіріле бастады.

Кертағыны Қазақстанға қайтару бағдарламасы 2024 жылы басталған. Алғашқы жылы Еуропадан жеті жылқы жеткізілсе, 2025 жылы тағы жеті, ал 2026 жылы сегіз Кертағы әкелінді. Қазақстандағы жобаға Лейбниц атындағы хайуанаттар бағы мен жабайы табиғатты зерттеу институты ғылыми және ветеринариялық қолдау көрсетеді.

Еске сала кетейік, тұяқты жануарлар 25 мамырда табиғатқа жіберілген болатын. Олардың ішінде Прага қаласынан жеткізілген бір айғыр және Венгриядағы Хортобадь ұлттық паркінен төрт бие бар.

Көп оқылғандар