Әлем

Франциядағы музейден Дали жасаған кітап мұқабасы ұрланды

Сурет: noticias.uol.com.br

Франциядағы Иссуар заманауи өнер орталығынан испан суретшісі Сальвадор Дали жасаған «Апокалипсис кітабының» (Livre de l’Apocalypse) мұқабасы ұрланды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Бұл туралы Клермон-Ферран прокуратурасы мәлімдеді. Иоанн Інжіліне негізделген кітапты 1958 жылы Joseph Forêt баспасы жарыққа шығарған. Басылымды ХХ ғасырдың танымал суретшілері мен жазушылары, оның ішінде Жан Кокто, Бернар Бюффе және Жан Жионо иллюстрациялаған. Кітаптың түпнұсқасы алып шиыршықтарға салынған.

Сальвадор Дали кітаптың алтынмен, асыл тастармен және теңіз қабыршақтарымен безендірілген қола мұқабасын өзі жобалап, жасаған. Мұқабаның салмағы 150 келі, ал толық композицияның салмағы 210 келіге жетеді.

1961-1972 жылдары туынды әлемнің әртүрлі елдерінде шамамен 150 көрмеге қойылған. Кейін ол Швейцарияда сақталып, жапондық коллекционерлерге сатылған.

Өнер туындысын 2003 жылы Иссуардағы реставрациялық компанияның директоры Кристиан Каруцос сатып алған. Ол бағасын жария етпегенімен, AFP агенттігіне берген сұхбатында кітап бұрын дайындалған уақытында екі миллион француз франкіне бағаланғанын айтты. Бұл қазіргі бағамен шамамен 305 мың еуроға тең. Оның айтуынша, сол кезде бұл әлемдегі ең қымбат кітап болған.

Далидің қола мұқабасы мен бірнеше пергаменті Иссуарда күз мезгілінде көпшілік назарына ұсынылып келген.

Қазір туындының ұрлануына байланысты тергеу жүргізіліп жатыр.

Бұған дейін Париждегі әйгілі Лувр музейінде бұрын-соңды болмаған ұрлық болып, таңертең музей ашыла салысымен ішіне белгісіз адамдар кіріп, тарихи әшекей бұйымдарды алып кеткен болатын. Атышулы ұрлықтан кейін музей директоры қызметінен кетті.

Айта кетейік, француздық режиссер Ромен Гаврас «ғасыр ұрлығы» деп аталған Луврдағы атышулы ұрлық туралы фильм түсіреді.

Көп оқылғандар