Қаржы

Қазақстанда ет, көкөніс және сүт өнімдерін тұтыну көрсеткіші артты

Сурет: Ашық дереккөз

2026 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстанда негізгі азық-түлік өнімдерін тұтыну көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі. Бұл деректер Ұлттық статистика бюросының үй шаруашылықтарына жүргізген іріктемелі зерттеуінен алынған.

Орта есеппен бір тұрғын тоқсан ішінде 20,7 кг ет және ет өнімдерін тұтынған, бұл өткен жылғы 20,6 кг-нан жоғары. Сүт және сүт өнімдерін тұтыну 57,2 литрден 58,1 литрге, жұмыртқа 52 данадан 54 данаға, көкөніс 18,3 кг-нан 18,7 кг-ға, картоп 11,3 кг-нан 11,4 кг-ға дейін өскен. Балық пен теңіз өнімдерін тұтыну 3,5 кг-нан 3,6 кг-ға артты.

Кейбір санаттар бойынша төмендеу байқалды. Жарма және дәнді дақылдар өнімдерін тұтыну 31 кг-нан 30,6 кг-ға, жеміс, жидек пен жаңғақ 17,5 кг-нан 17,4 кг-ға, қант, тосап және бал 10,8 кг-нан 10,3 кг-ға азайды. Майлар мен тоңмайларды тұтыну өзгеріссіз қалды.

2026 жылдың бірінші тоқсанында бір тұрғын орта есеппен 11,4 кг картоп, 6 кг бидай наны, 6 кг сиыр еті, 4,8 кг алма, 4,6 кг құмшекер, 4,2 кг күріш, 3,1 литр айран, 2,6 кг макарон, 2,4 литр шикі сүт, 2,1 кг балық, 54 жұмыртқа және 0,3 кг қара шай тұтынған.

Көкөніс тұтыну көлемі жан басына шаққанда 18,7 кг болды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,2%-ға өскен. Қала тұрғындары (19,3 кг) ауыл тұрғындарына (17,6 кг) қарағанда көкөністі көбірек тұтынған. Ең жоғары көрсеткіш Алматы қаласында (23,2 кг), одан кейін Жетісу облысы (22,8 кг) және Түркістан облысы (21,4 кг) тіркелді. Ең төменгі көрсеткіштер Шығыс Қазақстан облысында (16,5 кг), Абай және Алматы облыстарында (16 кг) байқалды.

Ет және ет өнімдерін тұтынудың ең жоғары деңгейі Шығыс Қазақстан, Жетісу, Ақмола және Қарағанды облыстарында, ал ең төменгісі Түркістан облысында тіркелді.

Деректер 12 000 үй шаруашылығын іріктеп зерттеу нәтижесінде алынған. Орташа жан басына шаққандағы тұтыну көрсеткіші азық-түлік тауарларының жекелеген түрлерін тұтыну көлемін үй шаруашылығы мүшелерінің санына бөлу арқылы есептелген.

Көп оқылғандар