Шартарап

Қазақстанда «Бірлікке үн қосқан» этномәдени бірлестіктер фестивалі өтеді

Сурет: Egemen Qazaqstan

2026 жылдың шілдесі мен қазан айы аралығында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі «Бірлікке үн қосқан» республикалық этномәдени бірлестіктер фестивалін ұйымдастырады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Фестивальдің негізгі мақсаты – этномәдени бірлестіктердің шығармашылық әлеуетін дамыту, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту, сондай-ақ Қазақстан халқының мәдени мұрасын, ұлттық дәстүрлері мен құндылықтарын кеңінен насихаттау.

Іс-шара еліміздің барлық өңірінде екі кезеңмен өтеді. Алғашқы кезеңде облыстарда, Астана, Алматы және Шымкент қалаларында өңірлік іріктеу байқаулары өткізіліп, үздік шығармашылық ұжымдар мен жеке орындаушылар анықталады. Жеңімпаздар республикалық кезеңге жолдама алып, қазан айында Астанада өтетін қорытынды Гала-концертке қатысады.

Фестивальге этномәдени бірлестіктердің өкілдері, халық өнерін насихаттап жүрген шығармашылық ұжымдар мен жеке орындаушылар шақырылады. Байқау бес номинация бойынша өтеді: «Үздік шығармашылық ұжым», «Үздік аспаптық шығарма», «Үздік орындаушы», «Қазақ тіліндегі үздік орындаушы», «Үздік хор ұжымы».

Фестиваль Қазақстандағы этномәдени бірлестіктердің үздік шығармашылық жетістіктерін таныстыруға, өңіраралық мәдени ынтымақтастықты дамытуға, тәжірибе алмасуға және жас таланттарды қолдауға мүмкіндік береді. Қорытынды Гала-концерт Республика күніне арналған мерекелік іс-шаралар аясында өтеді.

Көп оқылғандар