Сурет: ашық дереккөзден
Қазақстанда білім беру инфрақұрылымын жаңарту және жастарға сапалы білім алуға жағдай жасау жұмыстары жалғасуда. 2026-2027 оқу жылына 90 мыңға жуық білім гранты бөлінді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Соңғы бес жылда 1 млн-нан астам жаңа оқушы орны құрылып, техникалық және кәсіптік білім алушылар саны 13,7%-ға өсті. Осы кезеңде 1,1 мың жаңа мектеп салынды.
Бастауыш сыныптардағы оқу жоспарлары мен бағалау тәсілдері жаңартылып, жасанды интеллект орта білім жүйесіне енгізілуде. 2026 жылдың басынан бері 2 073 оқушы 204 алтын, 356 күміс және 507 қола медаль жеңіп алды.
2025 жылы колледждерде 562 мың адам білім алды. 500-ге жуық білім бағдарламасы әзірленіп, жаңартылды. Колледждердің кәсіпорындармен байланысы күшейтілуде, кадр даярлау еңбек нарығының қажеттіліктеріне бағдарлануда.
Жоғары оқу орындарында 724 мыңнан астам адам білім алуда. 2018 жылдан бері 72,1 мың орындық 281 жатақхана пайдалануға берілді. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің мәліметінше, студенттік жатақханалардағы орын тапшылығы 15 еседен астам қысқарған, мәселе тек Алматыда сақталып отыр.
AI-Sana бағдарламасына 106 жоғары оқу орны қатысып, 442 жасанды интеллект агенті әзірленді. 2026 жылы Қазақ зерттеу жасанды интеллект университеті — QAIRU жұмысын бастайды. Сондай-ақ, жоғары оқу орындарында ChatGPT Edu енгізу жобасы жүзеге асырылуда.
Қазақстанда 12 елдің шетелдік жоғары оқу орындарының 33 филиалы жұмыс істейді, ал отандық ЖОО-да 37 мыңнан астам шетелдік студент білім алуда. QS World University Rankings 2026 рейтингіне Қазақстанның 20 жоғары оқу орны енді, бұл ел тарихындағы рекордтық көрсеткіш.
