Сурет: ruh.kz
Қыркүйектен бастап Жаңаөзен қаласындағы 25 мектептің асханасында шұбат ұсынылады. Бұл – ұлттық сусынды оқушылар рационына енгізуге бағытталған еліміздегі алғашқы жоба, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Жоба жаңа өндіріс орнының іске қосылуымен жүзеге асып отыр. 26 тамызда Жаңаөзенде «Нар-Бота» шұбат құю цехының салтанатты ашылуы өтті. Шараға Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, қала ақсақалдары, кәсіпкерлер және қоғам өкілдері қатысты.
Мектеп оқушыларын шұбатпен қамтамасыз ету бастамасын облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай көтерген.
«Балалар – біздің болашағымыз. Сондықтан олардың денсаулығы мен құнарлы тамақтануы басты басымдықтардың бірі болуға тиіс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев фастфуд өнімдерінің агрессивті жарнамасы мәселесіне және өскелең ұрпақтың денсаулығын қорғауға ерекше көңіл бөлу қажеттігіне назар аударды. Шұбатты мектеп ас мәзіріне енгізу бастамамыз – осы бағыттағы нақты қадам. Сонымен қатар бұл – отандық өндірісті қолдау, ауыл шаруашылығы мен түйе шаруашылығын дамыту, жергілікті өндірушілер үшін тұрақты нарық қалыптастыру», деді Нұрдәулет Қилыбай.
Жаңа өндірістік алаңның жалпы аумағы 300 шаршы метрді құрайды. Кәсіпорын жылына 400 тоннаға дейін өнім өндіре алады.
Цехта түйе сүтін қабылдау, өңдеу, шұбат дайындау, құю және сақтау процестері жолға қойылған. Өндіріс орнының ашылуы жергілікті түйе шаруашылығы қожалықтарына жаңа мүмкіндік береді.
Айта кетейік, биыл 12 қаңтарда «Жаңаөзен сүт зауытында» құрғақ түйе сүтін өндіретін цех іске қосылған болатын. Жаңа шұбат өндіру және құю цехының ашылуы – кәсіпорынның өндірістік қуатын арттыру бағытындағы жұмыстың жалғасы.
Еске сала кетейік, бұған дейін Алматы облысы Ақши ауылындағы түйе шаруашылығы отандық шұбатты шетелге экспорттай бастағанын хабарлаған болатынбыз.
