Қоғам

Қазақстанда 550 шетелдік студентке білім гранты тағайындалды

Сурет: istockphoto.com

Қазақстанда 2026-2027 оқу жылына арналған мемлекеттік стипендиялық бағдарлама бойынша шетел азаматтары мен қандастарға конкурстық іріктеу аяқталды. Нәтижесінде 550 үміткер білім беру грантын жеңіп алды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, биыл бакалавриатқа 490, магистратураға 50, ал докторантураға 10 грант бөлінген.

«Конкурстық іріктеуге әлемнің 71 елінен 16 098 үміткер қатысты. Өтінім бергендердің елеулі бөлігін Қазақстан азаматтығы жоқ қазақ ұлтының өкілдері – қандастар құрады. Бағдарлама олардың тарихи отанында сапалы білім алуына және Қазақстанмен байланысын нығайтуға мүмкіндік береді», делінген хабарламада.

Министрлік географияның кеңейгенін атап өтті: өткен жылы грант иегерлері 26 елден болса, биыл олардың саны 49-ға жетті. Ең көп өтінім Палестина, Индонезия, Ресей, Өзбекстан және Ауғанстан азаматтарынан түскен. Алғаш рет АҚШ, Италия, Германия, Мальдив Республикасы және Корея Республикасының азаматтары да мемлекеттік стипендияға ие болды.

Грант иегерлерінің тізімі 10 тамызға дейін жарияланады, ал жоғары оқу орындарына қабылдау 25 тамызда аяқталады. Биыл бакалавриат мамандықтарына 75 мыңнан астам грант бөлінгенін еске саламыз.

Көп оқылғандар