Сурет: ашық дереккөзден
«Қазсушар» РМК су шаруашылығы нысандарында шағын гидроэнергетика әлеуетін арттыру жөніндегі Жол картасы аясында шағын ГЭС салу үшін 32 нысан іріктеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Жоспардың алғашқы кезеңінде бес нысанда шағын ГЭС салу жоспарланған. Олар – Қарағанды облысындағы Самарқанд су қоймасы, Ақтөбе облысындағы Қарғалы су қоймасы, Абай облысындағы Қаракөл су қоймасы, сондай-ақ Қостанай облысындағы Қаратомар және Жоғарғы Тобыл су қоймалары. Бұл станциялардың жалпы қуаты шамамен 9 МВт болады.
Екінші кезеңде тағы 18 нысанда шағын ГЭС салу көзделген, олардың жалпы қуаты шамамен 25 МВт болады. Үшінші кезеңге шағын гидроэлектр станциясын салуға әлеуеті бар 9 нысан енгізілген, оның алтауы Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында жоспарланып отырған жаңа су қоймаларында орналасады.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, алғашқы екі кезең бойынша қажетті құжаттар әзірленіп, жобаларды жүзеге асыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«Бірінші және екінші кезеңдер бойынша қажетті құжаттар әзірленіп, жобаларды іске асыру мәселелері пысықталып жатыр. Қазіргі уақытта «Қазсушар» РМК балансында Солтүстік Қазақстан және Қарағанды облыстарында, сондай-ақ трансшекаралық Қорғас өзенінде жалпы қуаты шамамен 5 МВт болатын үш шағын ГЭС бар», – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Осылайша, су шаруашылығы нысандарын тек су жинау мен реттеу үшін ғана емес, электр энергиясын өндіру үшін де пайдалану көзделіп отыр.
