Сурет: ҚФФ
Қазақстанда 4 пен 17 жас аралығындағы 228 мыңнан астам бала мемлекеттік спорттық тапсырыс аясында спорт секцияларына тегін қатысып жүр. Бұл туралы Туризм және спорт министрлігі хабарлады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Министрлік мәліметінше, қазіргі таңда елімізде 1,8 млн бала мен жасөспірім дене шынықтырумен және спортпен тұрақты айналысады. Бұл жалпы балалар санының 34,6%-ын құрайды. 2029 жылға қарай көрсеткішті 45%-ға жеткізу жоспарланған.
Балалар-жасөспірімдер спорт мектептерін қаржыландырудың биыл енгізілген жаңа моделі бір тәрбиеленушіге жұмсалатын қаражатты жылына 233 мың теңгеден 415 мың теңгеге дейін арттырды. Ал 2026–2028 жылдары балалар спортын дамытуға 74 млрд теңге бағыттау көзделген.
Бүгінде шамамен 400 мың бала 526 балалар-жасөспірімдер және мамандандырылған спорт мектептерінде жаттығады. Сонымен қатар біліктілік тестілеуінен өткен спорт мектептері жаттықтырушыларының жалақысы 30%-ға өсті.
Балаларға спортпен айналысуға жағдай жасау үшін инфрақұрылым да кеңейтіліп жатыр. Қазақстанда қазір 26 518 спорт нысаны жұмыс істейді. 2025 жылы 147 спорт нысаны пайдалануға берілсе, 2026 жылы тағы 121 нысанды іске қосу жоспарланған.
«Балалар мен бұқаралық футболды дамыту аясында жоспарланған 685 футбол алаңының 520-сы пайдалануға берілді. Оның 378-і ауылдық жерлерде орналасқан. Сонымен қатар мемлекеттік спорттық тапсырыс аясында инклюзивті және арнайы спорт топтарын дамытуға көңіл бөлініп, өңірлерде инклюзивті спорт орталықтарын құру жұмыстары жүргізіліп келеді», делінген министрлік хабарламасында.
Еске сала кетейік, бұған дейін FIFA Қазақстанда балалар футболын дамытуға 250 мың доллар бөлетіндігін хабарлады. Сондай-ақ қыркүйек айында Астанада PSG футбол академиясы ашылмақ. Академияның алғашқы оқу-жаттығу орталығы елордадағы Air Arena спорт кешенінде орналасады.
Мазмұнға өту
