Спорт

Қазақстан жасөспірімдер арасында көркем жүзуден тарихи күміс алды

Сурет: Sports.kz

Қазақстандық синхроншылар Алдияр Рамазанов пен Ясмина Исламова Мажарстанның Будапешт қаласында өтіп жатқан артистикалық жүзуден жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Аралас дуэттер арасындағы еркін бағдарлама финалында қазақстандық спортшылар 248,1058 ұпай жинап, екінші орынға ие болды.

Жеңісті 263,2992 ұпаймен Испания өкілдері Арнан Санта-Крус пен Санчес Агилар иеленді. Ал жапониялық Хейзо Айтака мен Манами Додо 246,9850 ұпай жинап, қола жүлдеге қол жеткізді.

Рамазанов пен Исламованың күміс медалі Қазақстан үшін тарихи нәтиже болды. Бұған дейін қазақстандық жасөспірімдер әлем чемпионатында аралас дуэттер бәсекесінде мұндай нәтижеге қол жеткізбеген.

Еске сала кетейік, биыл Виктор Друзин көркем жүзуден әлем Кубогі кезеңінде қола жүлде жеңіп алды.

Көп оқылғандар