Спорт

Қазақстан шахмат Олимпиадасында қатарынан екінші рет күміс алды

Сурет: Туризм және спорт министрлігі

Қазақстан әйелдер құрамасы шахмат Олимпиадасында қатарынан екінші рет күміс медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Биылғы жарыс 16-27 қыркүйек аралығында Өзбекстанның Самарқанд қаласында өтті. Ерлер мен әйелдер арасындағы додаға 400-ге жуық команда қатысып, рекордтық көрсеткіш тіркелді.

46-Шахмат Олимпиадасының 11-турында Қазақстан құрамасы Польша командасымен кездесті. Бұл ойында Елназ Қалихмет жеңіске жетсе, Бибісара Асаубаева мен Меруерт Қамалиденова қарсыластарымен тең түсті. Ал Алуа Нұрман турнирде алғаш рет жеңіліп қалды. Матч 2:2 есебімен аяқталды.

Осы нәтижеден кейін Қазақстан 18 ұпай жинап, 189 әйелдер құрамасы арасында екінші орын алды. Қытай құрамасы чемпион атанса, Үндістан үшінші орынға ие болды.

Бұл нәтиженің тағы бір ерекшелігі – Қазақстан әйелдер құрамасы шахмат Олимпиадасын алғаш рет жеңіліссіз аяқтады. Ұлттық құрама жеті ойында жеңіске жетіп, төрт матчта тең түсті.

Қазақстан құрамасы 2024 жылы Будапештте өткен Олимпиадада да күміс медаль жеңіп алған еді. Енді араға екі жыл салып, отандастарымыз сол нәтижені Самарқандта қайталады.

Қазақстан құрамасында Бибісара Асаубаева, Алуа Нұрман, Меруерт Қамалиденова, Елназ Қалихмет пен Зарина Нұрғалиева өнер көрсетті. Самарқандқа Павел Коцур команда капитаны болып барды.

Бұған дейін шахматшылардың Олимпиаданың оныншы турында кезекті рет жеңіске жетіп, ТОП-3-тегі орнын сақтап қалғанын хабарлаған едік.

Көп оқылғандар