Қаржы

Қазақстан Қытай нарығында 6,6 млрд юаньға панда-облигациялар шығарды

Сурет: Ашық дереккөзден

7 қыркүйекте ҚР Қаржы министрлігі Қытай қор нарығында жалпы сомасы 6,6 млрд юань болатын егеменді панда-облигациялардың екінші шығарылымын сәтті орналастырды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Бағалы қағаздар екі траншқа бөлінді: үш жылдық облигациялар 5 млрд юань көлемінде жылдық 1,82% мөлшерлемемен, ал бес жылдық облигациялар 1,6 млрд юань көлемінде жылдық 1,95% мөлшерлемемен сатылды.

Қазақстан Қытай нарығында «А» санатындағы жоғары кредиттік рейтингі бар елдермен салыстырмалы жағдайда қаржы тартты. Инвесторлар тарапынан байқалған жоғары қызығушылық елдегі экономиканы әртараптандыру мен тұрақтылықты арттыруға бағытталған реформалардың оң бағаланғанын көрсетеді.

Бұл шығарылым S&P агенттігі Қазақстанның егеменді рейтингін «BBB-» деңгейінен «BBB»-ге «Тұрақты» болжамымен көтергеннен кейін жүзеге асты. Мемлекеттік борыш ЖІӨ-нің 20,9%-ын, ал сыртқы мемлекеттік қарыз 4,5%-ын құрайды, бұл әлемдегі ең төмен көрсеткіштердің қатарында.

Орналастыру қаржыландыру көздерін кеңейтіп, борыш портфелін әртараптандыруға және юаньмен егеменді кірістілік қисығын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Айта кетейік, 26 мамырда Қазақстан Қытай биржасында юаньмен номинацияланған панда-облигациялардың алғашқы шығарылымын да сәтті өткізген еді.

Көп оқылғандар