Сурет: Kazinform/ЖИ
Қазақстан қалаларындағы мемлекеттік музейлерге кіру бағасы әртүрлі. Kazinform тілшісі облыс орталықтары мен қалалардағы музей билеттерінің құнын салыстырды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Ең жоғары баға Алматыдағы Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік музейінде – 1500 теңге. Астанадағы Ұлттық музей, Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейі және Оралдағы Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейіне кіру 1000 теңге тұрады.
Өңірлердің көбінде билет құны 500-700 теңге аралығында. Семей, Талдықорған, Түркістан, Петропавл, Қызылорда мен Жезқазғанда – 500 теңге, Атырауда – 600 теңге, Ақтөбеде – 700 теңге.
Ең арзан баға Тараздағы Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінде – 250 теңге. Г.Н. Потанин атындағы Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейі мен Ақтаудағы Әбіш Кекілбаев атындағы Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейінде – 300 теңге. Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейіне кіру тегін.
Павлодардағы Наум Шафердің музей үйінде күйтабақтар, магнитафондар, кітаптар мен музыкалық архив сақталған. Бұл еліміздегі ірі музейлердің бірі.
Ағаш шебері Юрий Костанянцтің музей үйі – бұрынғы азаматтық авиация ұшқышы өз үйін мәдени ошаққа айналдырған. Мұнда ағаш мүсіндер, қазақ хандары мен батырларының мүсіндері бар. Автор музейді «өнер театры» деп атайды.
Ықылас Дүкенұлы атындағы музыкалық аспаптар музейінде қазақ және шетелдік жүздеген аспап сақтаулы, олардың көбі бірегей жәдігер.
«Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығында сақ қорғандарының мұрасы, ат әбзелдері мен алтын бұйымдар бар.
Алматыдағы Әбілхан Қастеев атындағы өнер музейі – ірі көркемсурет музейі, онда Қазақстанның бейнелеу және қолданбалы өнері, шетел классиктерінің туындылары мен Қастеевтің шығармалары сақтаулы.
Қарлаг – саяси қуғын-сүргін құрбандарын есте сақтау музейі, бұрынғы Қарлаг басқармасының ғимаратында орналасқан. Мұнда тұтқындардың жеке істері, экспедиция кезінде табылған еңбек құралдары мен тұрмыстық заттар ұсынылған.
Байқоңыр ғарыш айлағындағы тарихи музейде ғарыш саласының дамуы мен тарихи жәдігерлер сақтаулы.
«Атамекен» этно-мемориалды кешені – ашық аспан астындағы музей, онда Қазақстан өңірлерінің табиғи, сәулет және тарихи ескерткіштерінің шағын көшірмелері бар.
Мазмұнға өту
