Басты тақырып

Қазақстан мен Тәжікстан президенттері БАҚ өкілдеріне брифинг өткізді

Сурет: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмомали Рахмон БАҚ өкілдеріне арналған брифингте екіжақты ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Мемлекет басшысы стратегиялық серіктестік пен одақтастық рухындағы қазақ-тәжік қарым-қатынасының дамуына Эмомали Рахмонның қосқан үлесін айрықша атады. Ол бүгінгі сапардың символдық мәні терең екенін, өйткені екі ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығына тұспа-тұс келіп отырғанын айтты.

– Бүгінгі сапардың символдық мәні терең, өйткені екі ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығына тұспа-тұс келіп отыр. Егемен ел болғалы Қазақстан да, Тәжікстан да табысқа толы үлкен жолды еңсерді. Тәжікстан Сіздің беделді басшылығыңызбен мемлекеттілік тұғырын нығайтуда, әлеуметтік-экономикалық дамуда орасан жетістіктерге қол жеткізді, халықаралық аренада абыройын арттырды. Сіздің еліңіз Орталық Азиядағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Бүгінгі Тәжікстанның барлық табысын Сіздің есіміңізбен және халықтың қолдауына арқа сүйеген парасатты әрі жасампаз саясатыңызбен байланыстырады. Қазақстан қазіргідей геосаяси ахуал күрделі кезеңде күшті әрі өркендеген мемлекет құруды көздейтін стратегиялық бағдарыңызға зор құрметпен қарайды, – деді Президент.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Тәжікстан арасында шешілмеген мәселе жоқ екенін, керісінше өзара ынтымақтастық ілгерілеп келе жатқанын атап өтті. Ол Тәжікстанның ұлттық көшбасшысы Эмомали Рахмонға жуырда ғана тағайындалған Қожа Ахмет Ясауи орденін табыстағанын еске салды.

– Тәжікстан Президентінің білім, ғылым, мәдениет салаларына және халықаралық қоғамдастыққа сіңірген елеулі еңбегіне құрмет ретінде берілген бұл марапаттың мәні айрықша. Қожа Ахмет Ясауи – өңірімізге білімпаздық, гуманизм және өркендеу қағидаттарын ту еткен ілімді таратқан жаһандық ауқымдағы тұлға. Біздің қазіргі болмыс-бітіміміздің қалыптасуына Қожа Ахмет Ясауидің де үлесі бар. Оның ілімі қазақ халқының діліне, этникалық түп-тамырына және дүниетанымының дамуына ықпал етті. Сондықтан мен бүкіл ел көлемінде жоғары сыныптардан бастап университеттерде, әскер қатарында, құқық қорғау органдарында және басқа да мекемелерде Ясауи ұлағатының мән-мағынасын түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыруды тапсырдым. Бұл уақытша науқан емес, ауқымды идеологиялық жұмыс. Әңгіме соқыр сенім, көзсіз пір тұту туралы емес, керісінше, ұлы ойшыл, ғұлама Қожа Ахмет Ясауидің ғылыми, әдеби, философиялық мұрасын терең түйсінуде болып отыр. Сондықтан аталған жоғары награданы тағайындадым. Дәл осы себепті оны бүгінгі құрметті қонағымыз Эмомали Шарипович Рахмонға табыстадым, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Көп оқылғандар