Сурет: Ақорда
Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы авто және теміржол көлігімен жүк транзиті шамамен 7 миллион тоннаны құрады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы көлік-транзит саласындағы серіктестікті жандандырудың маңыздылығын атап өтті.
«Былтыр елдеріміз арасындағы авто және теміржолмен жүк транзиті көлемі сәйкесінше 8 және 15 пайызға ұлғайып, шамамен 7 миллион тоннаны құрады. Тасымалдаушыларға жасалған жағдай биыл да оң динамиканы сақтауға мүмкіндік берді. Көлікті цифрландыру мәселесіне баса назар аудару жөнінде уағдаластық. Бұл жүкті іркіліссіз жеткізуді қамтамасыз етеді. Аталған бағытты одан әрі дамыту үшін басты көлік-логистика жобаларын іске асыру перспективасы пысықталады. Ұлттық теміржол компаниялары деңгейіндегі жұмыс тобына ынтымақтастық бойынша нақты ұсыныстар енгізу тапсырылды», деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев келіссөз барысында су-энергетика саласына айрықша мән берілгенін жеткізді.
«Қазақстан трансшекаралық өзендер қорын пайдалану мәселесіне қатысты бірізді саясаты мен қолдауы үшін тәжік тарапына алғыс айтады. Біз осы бағыттағы конструктивті ықпалдастықты жалғастыруға келістік. Су саласына цифрлық шешімдерді енгізу, су ресурстарын есепке алу және мониторинг жүйесін бірлесе дамыту – басым міндет», деді Президент.
Мемлекет басшысы екі елдің IT-сектордағы ынтымақтастығы мол мүмкіндікке жол ашатынын атап өтті.
«Кейінгі жылдары еліміз мемлекеттік қызметтерді цифрландыру және жасанды интеллект технологиясын дамыту ісінде едәуір табысқа қол жеткізді. Бұған дейінгі уағдаластықтар аясында тәжік тарапына электрондық үкімет платформасының цифрлық шешімдері берілді. Тәжікстандық мамандар Қазақстанның үздік IT-мектептеріндегі тағылымдама курстарын ойдағыдай аяқтады. М. Осими атындағы Тәжік техникалық университеті жанынан Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қатысуымен бірлескен ақпараттық технологиялар факультеті ашылды. Осы іспетті жобалар елдеріміздің технологиялық тұрғыдан өрлеуіне септігін тигізетініне сенімдімін. Барлық бағыттағы ауқымды жұмысты жүйелеу үшін Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы ынтымақтастықтың 2030 жылға дейінгі кешенді жоспарын әзірлеп, қабылдауды ұсындық», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан мен Тәжікстан президенттері БАҚ өкілдеріне арналған брифинг өткізгенін айта кетейік.
Мазмұнға өту
