Сурет: forbes.kz
Қазақстан мен Еуропалық одақ азаматтарға Шенген визасын алу талаптарын жеңілдету туралы келіссөздер жүргізуде. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Жанболат Үсенов мәлімдеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Министрлік өкілінің сөзінше, тараптар келіссөздерді қашан аяқтайтыны әзірге белгісіз.
«Қазір нақты мерзімді айта алмаймын. Бірақ жақын уақытта оң нәтижеге қол жеткіземіз деп үміттенемін», деді Жанболат Үсенов.
Ол Қазақстанның басқа мемлекеттермен де визалық талаптарды жеңілдету мәселесін көтеріп жүргенін атап өтті. Басты мақсат – визасыз режим енгізу. Оған дейін визалық алымды азайту, визаның қолданылу мерзімін ұзарту және өтініш беруге қажетті құжаттар санын қысқарту жоспарланып отыр.
Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы ресми келіссөздер 2025 жылғы 2 желтоқсанда Брюссельде басталды. Қазір тараптар визалық режимді жеңілдету және реадмиссия туралы екі келісім әзірлеп жатыр. Реадмиссия келісімі басқа елде заңсыз жүрген азаматтарды өз еліне қайтару тәртібін реттейді.
Айта кетейік, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев Түркі мемлекеттері ұйымының 13-саммитінде ұйымға мүше елдер арасында паспортсыз саяхаттау мүмкіндігін іске қосуды ұсынған болатын.
Мазмұнға өту
