Сурет: Egemen Qazaqstan
Қазақстан Еуропалық одақтың ғылым мен инновация саласындағы ірі бағдарламасы Horizon Europe-қа қауымдастырылған ел мәртебесімен қосылуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Бағдарламаның жалпы бюджеті 175 миллиард еуроны құрайды. Оған қатысу қазақстандық жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарына халықаралық гранттарға қол жеткізуге мүмкіндік беріп, ғылым мен білім саласының дамуына серпін беруі мүмкін.
Бұл мәселе Қазақстанның Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің Еуропалық одақ өкілдерімен, Брюссель дипломатиялық академиясының басшылығымен және бірқатар жетекші университеттердің өкілдерімен кездесуінде талқыланды.
«Бұл оңай процесс емес. Қазіргі таңда бағдарламаға Еуроодаққа мүше емес Жапония, Оңтүстік Корея және Австралия секілді ірі мемлекеттер қатысып отыр. Біз дайындық жұмыстарын бастап кеттік. Еуропалық комиссияның бірнеше құрылымы бұл бастамаға қолдау білдірді», деді Саясат Нұрбек.
Кездесуде дипломатиялық кадрларды даярлау және академиялық ынтымақтастық мәселелері де сөз болды. Брюссель дипломатиялық академиясының директоры Гунтер Хабблом Қазақстанмен әріптестікті дамытуға қызығушылық танытатынын айтты.
«Біз Қазақстанның дипломатиялық корпусын кәсіби даярлау мәселесін талқыладық. Брюссель дипломатиялық академиясы әлемдегі ең мықты бағдарламалардың біріне ие және тәжірибелік дайындыққа ерекше көңіл бөледі. Сонымен қатар Орталық Азияны зерттеу бағытын дамытып, өңірдегі маңызды мемлекеттердің бірі ретінде Қазақстанға ерекше назар аударғымыз келеді», деді Гунтер Хабблом.
Тараптар ғылым, білім және дипломатиялық кадрларды даярлау бағытындағы ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті екенін білдірді.

