Сурет: Egemen Qazaqstan
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылғы бірінші жартыжылдықта Қазақстанның ЖІӨ нақты өсімі 4,1%-ды құрады, бұл қаңтар-мамырмен салыстырғанда 0,4 пайыздық тармаққа жоғары, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Өсудің негізгі драйвері – мұнайға жатпайтын сектор, оның өсімі Ұлттық экономика министрлігінің бағалауы бойынша 5%-дан асады. Мұнай өндіру көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,4%-ға төмендегеніне қарамастан, экономиканың нақты секторы 5,1%-ға, қызмет көрсету саласы 3,5%-ға өсті.
ЖІӨ өсімінің 80%-дан астамын өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, сауда және көлік қамтамасыз етті. Өткен жылы ІЖӨ өсімі 6,5%-ды құраған еді.
Құрылыс өсу қарқыны бойынша көшбасшы болып қалады. Бірінші жартыжылдықта құрылыс жұмыстарының көлемі 15,2%-ға ұлғайып, 8,5 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 6,7%-ға артық.
Өңдеу өнеркәсібінде өндіріс көлемі 9,8%-ға өсіп, алты айда шығарылған өнім көлемі 16,2 трлн теңгеге жетті, бұл тау-кен өндіру саласының көрсеткішінен (15,9 трлн теңге) жоғары. Металлургиядағы өндірістің өсу қарқыны төмендегенімен, басқа өндірістер өсуді қамтамасыз етті: дайын металл бұйымдары 39,9%-ға, автомобильдер 31,6%-ға, фармацевтикалық өнімдер 43,6%-ға, химиялық өнімдер 20,7%-ға, резеңке және пластмасса бұйымдары 21,8%-ға, құрылыс материалдары 14,1%-ға, тамақ өнімдері 14,7%-ға ұлғайды.
Экономиканың басқа салаларында да оң динамика сақталуда: сауда көлемі 5,7%-ға, ауыл шаруашылығы 4,4%-ға, байланыс қызметі 4,3%-ға өсті. Көлік-логистика саласы 7,1%-ға өсіп, бұған қосалқы көлік қызметінің 14%-ға, теміржол жүк тасымалының 4,9%-ға және автомобиль жүк тасымалының 11,4%-ға артуы себеп болды.
Инвестициялық белсенділік жоғары деңгейде сақталуда: негізгі капиталға салынған инвестиция 9,6%-ға өсті. Ең елеулі өсім ақпарат және байланыс саласында (2,3 есе), электрмен жабдықтауда (61,4%), өңдеу өнеркәсібінде (33,3%), ауыл шаруашылығында (24,6%) және көлікте (11,6%) байқалды.
Осылайша, шикізатқа жатпайтын салалардың қарқынды дамуы мен жоғары инвестициялық белсенділік Қазақстанның экономикалық өсуінің тұрақты негізін қалыптастыруды жалғастыруда.
Мазмұнға өту
