Сурет: Egemen Qazaqstan
Жаңа оқу жылына дайындық пен білім беру жүйесін дамыту мәселелері талқыланған үкіметтік баспасөз конференциясы өтті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, еліміздегі студенттік жатақханалардағы орын тапшылығы 15 еседен астам азайған. Бұл мәселе тек Алматы қаласында ғана сақталып отыр.
«Студенттік жатақханалардағы орын тапшылығы 82,5 мыңнан 5176 орынға дейін төмендеді. Бүгінгі таңда жетіспеушілік тек Алматыда ғана сақталып отыр. Ал қалған өңірлерде мәселе іс жүзінде шешілді. Астанада Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ үшін 2 656 төсек-орынға арналған жатақхананы енгізудің арқасында кішігірім профицит қалыптасты. Бұдан басқа, Қазақ ұлттық спорт университеті үшін 1,5 мың орындық жатақхана іске қосылады, ал жыл соңына дейін тағы 6 800 төсек-орын тапсыру жоспарлануда», деді министр.
Министр Қазақстанда жоғары білімнің халыққа қолжетімділігін арттыру жұмыстары жалғасып жатқанын атап өтті. Соңғы төрт жылда білім гранттарының саны 51 мыңнан 90 мыңға дейін өскен.
Сонымен қатар, педагогтерді даярлаудың заманауи әдістері енгізілуде, жоғары оқу орындарына қабылдау талаптары күшейтілуде, шетелдік университеттермен дуальды оқыту мен бірлескен бағдарламалар аясы кеңеюде.
Мазмұнға өту
