Қоғам

Қазақстан дәрігерлері Тәжікстанда күрделі операциялар жасады

Сурет: Денсаулық сақтау министрлігі

Қазақстандық мамандар Тәжікстанда екі күнде 100-ден астам пациентке кеңес беріп, 10-ға жуық хирургиялық операция жасады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

«Қазақстан медицинасының күндері» шарасы аясында академик Н.Ж. Батпенов атындағы Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығының дәрігерлері Душанбеде күрделі оталар жасап, жергілікті тұрғындарға медициналық көмек көрсетті. Жұмыстың негізгі бағыттары омыртқа хирургиясы, табан мен тобық буынының ортопедиясы және артроскопия болды.

Бөлім меңгерушілері Мұрат Байдарбеков пен Сейдалы Абдалиев бел омыртқасының дегенеративті стенозы және қатты түбіршектік ауырсыну синдромы бар пациентке операция жасады. Дәрігерлер L4-L5 және L5-S1 деңгейлеріндегі жүйке құрылымдарын босатып, транспедикулярлық жүйе мен омыртқааралық кейдждер орнатты. Сондай-ақ 13 жастағы сколиозы бар пациентке омыртқаның күрделі деформациясын түзету операциясы жасалды.

№2 ортопедия бөлімшесінің меңгерушісі Қайрат Тәжин 24 жастағы пациентке операция жасады. Науқаста ауыр жарақаттан кейін тобық буынының III дәрежелі артрозы және табанның айқын деформациясы қалыптасқан. Операция кезінде деформацияны түзетіп, табанды тұрақтандыру үшін үш буынды артродез жасалды. Тобық буыны тұрақсыздығы бар тағы бір пациентке Уотсон әдісімен пластикалық операция жасалды.

Артроскопия және спорттық жарақаттар бөлімінің меңгерушісі Нұржан Асанов тізе буынына екі артроскопиялық операция жасады. Оның бірі медиальды менискіге тігіс салуға, екіншісі капсулалық-байламдық аппаратты қалпына келтіруге бағытталды.

Мамандардың айтуынша, әр пациенттің жағдайы жеке қарастырылып, нақты диагнозы мен емдеу тәсілі анықталды. Бірлескен операциялар қазақстандық және тәжікстандық дәрігерлерге күрделі клиникалық жағдайларды тікелей операциялық залда талқылап, заманауи емдеу әдістерімен тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді.

«Қазақстан медицинасының күндері» аясындағы жұмыс мұнымен аяқталмайды. Қазақстандық делегацияның Тәжікстандағы сапары жалғасып жатыр. Іс-шараның қорытынды күнінде екі ел мамандарының бірлескен отырысы өтеді. Онда травматология және ортопедия саласын дамыту, заманауи емдеу әдістерін енгізу және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру мәселелері талқыланады.

Көп оқылғандар