Сурет: Egemen Qazaqstan
Астанада қазақ күресінен «Қазақстан Барысы-2026» республикалық турнирі мәреге жетті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Жартылай финалда Жамбыл облысының өкілі Ғалымжан Қырықбай Шымкенттен келген Нұрсұлтан Қожагелдіұлын ұтса, Маңғыстау облысының балуаны Жантілек Нұртілепұлы Қостанайдан келген Алмас Жұмағалидан басым түсті.
Шешуші белдесуде «Қазақстан Барысы» атағы үшін Ғалымжан Қырықбай мен Жантілек Нұртілепұлы күш сынасты. Нәтижесінде Нұртілепұлы жеңіске жетіп, бас жүлдені иеленді.
Қола жүлде үшін өткен белдесуде Нұрсұлтан Қожагелдіұлы Алмас Жұмағалиды жеңіп, үшінші орынға ие болды.
Чемпионға «Қазақстан Барысы» атағы, алтын белбеу, ауыспалы «Тайтұяқ» кубогі және 15 миллион теңге табысталды. Күміс жүлдегер 3,5 миллион теңге, ал қола жүлдегер 1,5 миллион теңге алды.
«Қазақстан Барысы» турнирі 2011 жылдан бері өткізіліп келеді. Дәстүрлі дода жыл сайын еліміздің түкпір-түкпірінен қазақ күресінен ең мықты балуандарды жинайды. 2026 жылы жарыс өзінің 15 жылдық мерейтойын атап өтуде.
Мазмұнға өту
