Сурет: Ұлттық Олимпиада комитеті
Польшаның Вежбна қаласында ат спортынан өткен Wierzbna Bialy Las халықаралық турнирі аяқталды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Бұл жарыста Қазақстан құрамасының өкілдері үш медаль иеленді. Соңғы күні отандастарымыз кедергі биіктігі 120 сантиметр болатын CSI3* конкурында бірінші және екінші орындарды алды.
Раиса Соколенко Chevalier атымен жарыс жолын айып ұпайынсыз аяқтап, алтын медаль жеңіп алды. Екінші орынға Shenanigan атымен өнер көрсеткен Олег Соколенко жайғасты. Үшінші орын польшалық Малгожата Кошуцкаға V-Querida of Vigo Z атымен бұйырды.
Раиса Соколенко бұған дейін де бір жүлде жеңіп алған. Қазақстандық спортшы Chevalier атымен кедергі биіктігі 120 сантиметр болатын CSI1* бәсекесінде күміс медаль иеленді.
Осылайша, Қазақстан құрамасы турнирді бір алтын және екі күміс медальмен қорытындылады.
Қазақстан спортшыларының қатысуымен өтіп жатқан басқа додаға келсек, еліміздің регбиден ерлер мен әйелдер құрама командалары Қытайдың Сучжоу қаласында өтіп жатқан Азия сериясында бестікке кірді. Бұл жарыстың алғашқы кезеңі аяқталды.
