Сурет: Egemen Qazaqstan
Қытайдағы «Жазғы Давос» форумы аясында Премьер-министр Олжас Бектенов бірқатар қытайлық ірі компания басшыларымен кездесу өткізді. Келіссөздерде су шаруашылығы, жасанды интеллект, көлік жасау, металлургия, көмір химиясы және энергетика салаларындағы ірі инвестициялық жобалар қарастырылды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Үкіметтің басты мақсаты – жаңа өндірістер ашу, технология тарту және терең өңдеу үлесін арттыру. Осы сапар барысында Премьер-министр өнеркәсіп, цифрландыру және жоғары технология саласында жетекші компаниялардың басшыларымен келіссөз жүргізді. Кездесулердің негізгі тақырыбы – жаңа инвестициялық жобалар, өндірісті жергіліктендіру және технологиялық жаңғырту.
Аграрлық секторда «Yulin Irrigation» компаниясының бас директоры Ци Юбомен кездесуде Қызылорда облысында ирригациялық жабдықтарды құрастыру жобасы талқыланды. Су үнемдеу технологияларын енгізу ауыл шаруашылығы өнімділігін арттырудың маңызды тетігі ретінде қарастырылуда.
Өнеркәсіптік кооперация мәселесі «Xiamen Wanli Stone» компаниясының басшысы Ху Цзиньпэймен талқыланды. Тараптар көмір химиясы, металлургия және сирек металдарды терең өңдеу бағытындағы ықпалдастық мүмкіндіктерін қарастырды. Жоба көмірден жартылай кокс, сутегі және жоғары сапалы мұнай өнімдерін өндіретін кешен құруды көздейді.
Сапардың ерекше бағыттарының бірі – жасанды интеллект пен цифрлық инфрақұрылым. SuperX AI Technology Limited компаниясының басшысы Хуан Чэньхун Қазақстанда қуаты 1 гигаваттқа дейін жететін AI Data Center кластерін құру бастамасын ұсынды. Жоба жасанды интеллект кампусын салуды, деректерді өңдеу орталықтарын дамытуды және жоғары өнімді серверлік жабдықтарды орналастыруды қамтиды.
Цифрлық трансформация елдің стратегиялық басымдықтарының біріне айналды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен келесі жыл «Цифрландыру мен жасанды интеллект жылы» болып жарияланған. Осыған байланысты Үкімет ұсынылған жобаны жан-жақты зерделеу үшін арнайы жұмыс тобын құруды тапсырды.
Өндірістік әлеуетті күшейту мәселесі «Jinyi Holding Group» басшысы Цзинь Пэнмен кездесуде де көтерілді. Компания Ақтөбе облысында «жасыл» мыс зауыты мен Батыс Қазақстан облысында индустриялық-логистикалық хаб салу жобаларын жүзеге асыруда. Ақтөбеде дайын инженерлік инфрақұрылымы бар ірі индустриялық парк құру бастамасы да қаралды. Бұл алаң шетелдік өндірістерді жедел орналастыруға мүмкіндік береді.
Автомобиль жасау саласы да назардан тыс қалмады. «Guangzhou Automobile Group» компаниясының төрағасы Фэн Синьямен кездесуде көлік өндірісін жергіліктендіру мәселесі талқыланды. Жоспар бойынша, 2026–2028 жылдары 17 мыңға жуық автомобиль шығару көзделген.
Энергетикадағы жаңа технологияларға қатысты келіссөздер әлемдік аккумулятор өндірісінің көшбасшысы «CATL» компаниясының негізін қалаушы Цэн Юйцюнмен өтті. Әңгіме аккумулятор батареяларын шығару, энергия сақтау жүйелерін дамыту және пайдаланылған батареяларды қайта өңдеу бағытындағы ықтимал жобалар төңірегінде болды.
Металлургия саласын жаңғырту мәселесі «CISDI Engineering» компаниясының вице-президенті Юн Люмен талқыланды. Тараптар шойынды күкірттен тазарту жобасын іске асыру және елімізде жаңа құю-жаймалау кешенін салу мүмкіндіктерін қарастырды. Кездесулер қорытындысында Олжас Бектенов Қазақстанның ұзақмерзімді әріптестікке, өндірісті жергіліктендіруге, технология алмасуға және жоғары қосылған құны бар өнім шығаруға мүдделі инвесторлар үшін ашық екенін айтты.
Сарапшылардың пікірінше, Қытайдағы келіссөздер пакеті ел экономикасының жаңа бағытын көрсетеді. Енді тек инвестиция тарту ғана емес, өндірісті тереңдету, жаңа технологияларды игеру және халықаралық өндірістік тізбектерге кірігу маңызды. Бұл бағыттар елдің индустриялық даму сапасын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.

