Сурет: Мәдениет және ақпарат министрлігі
Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің репертуарындағы туындылар әлемнің жетекші музыкалық платформаларында жарияланды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Оркестр тарихында алғаш рет қазақ күйлері халықаралық музыкалық платформаларға шығарылды. Бұл халқымыздың ғасырлар бойы сақталған күй өнерін әлем жұртшылығына танытуға мүмкіндік берді.
Цифрлық форматта қазақтың көрнекті композиторлары мен күйшілерінің шығармалары ұсынылды. Олардың қатарында Құрманғазы Сағырбайұлы, Дина Нұрпейісова, Тәттімбет, Қазанғап, Нұрғиса Тілендиев және басқа да авторлардың күйлері бар. Сонымен қатар А.Жұбанов, Е.Брусиловский, К.Күмісбеков, Т.Қажығалиев, Х.Тастанов, С.Бәйтереков, С.Шабельский, Л.Шаргородский және С.Құсайыновтың шығармаларын да тыңдауға болады.
Музыкалық туындылар Spotify, Apple Music, YouTube Music, Amazon Music, Яндекс Музыка және басқа да танымал цифрлық платформаларда қолжетімді.

