Сурет: ашық дереккөзден
Алматылық «Қайрат» УЕФА Еуропа лигасының плей-офф кезеңіндегі қарымта ойында Бельгияның «Андерлехт» командасына тағы да есе жіберді. Брюссельдегі «Лотто Парк» стадионында өткен матч 3:0 есебімен алаң иелерінің пайдасына аяқталды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Алматыдағы алғашқы кездесуде де «Андерлехт» 3:0 есебімен басым түскен еді. Сол үш гол бельгиялықтарға жауапты ойын алдында айтарлықтай артықшылық берген болатын.
Осылайша, «Қайратқа» Брюссельде кемінде үш гол айырмасын жою міндеті тұрды. Алайда бәрі керісінше болды. «Андерлехт» Алматыдағы қарқынын сақтап, алғашқы ойындағы есепті қайталады. Ойынның 45-ші минутында Цветкович есеп ашты, 53-ші минутта Сикан екінші голды соқты, ал 71-ші минутта Бьянкон есепті 3:0-ге жеткізді.
Осыдан кейін Рафаэль Уразбахтин шәкірттерінің салы суға кетті. «Қайрат» есепті теңестіруге әрекеттенгенімен, қарсылас қақпасына бір доп соға алмады.
Сөйтіп, «Қайрат» Еуропа лигасының негізгі кезеңіне жолдама ала алмады. Екі матчтың қорытындысы бойынша алматылық команда турнирдегі жолын аяқтады. Дегенмен, УЕФА Конференциялар лигасының негізгі кезеңінде өнер көрсету мүмкіндігін жоғалтқан жоқ. Бұл алматылық клуб үшін маңызды мүмкіндік: команда Еуропаның клубтық турнирінде жолын жалғастырып, халықаралық аренада тәжірибе жинайды және Қазақстан футболына рейтингтік ұпай әкелуге үлес қоса алады.
