Әлем

Путин мен Трамп телефон арқылы сөйлесті: тараптар не талқылады?

Сурет: ашық дереккөз

Ресей мен АҚШ президенттері Владимир Путин мен Дональд Трамп телефон арқылы байланысқа шықты. Бір сағатқа созылған әңгіме Украинадағы соғысты тоқтату және екі ел арасындағы қарым-қатынасты қалпына келтіру мәселелеріне арналды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Кремль өкілі Юрий Ушаковтың айтуынша, телефон қоңырауы АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткофф пен Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнердің Мәскеу мен Киевке сапарынан екі күн өткен соң ұйымдастырылған. Ушаковтың сөзінше, Путин мен Трамп америкалық өкілдердің 5–6 қыркүйектегі сапарының қорытындысын оң бағалаған.

Келіссөз барысында Трамп Украинадағы қақтығысты мүмкіндігінше тез тоқтатудың маңызын атап өткен. Оның пікірінше, соғыстың аяқталуы АҚШ пен Ресей арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Америка президенті өзінің өкілеттік мерзімі аяқталғанға дейін осы бағытта «ілгерілеуге» қол жеткізгісі келетінін білдірген. Путин де екі ел арасында сындарлы ынтымақтастық орнату жөніндегі ниетін қолдаған.

Сонымен қатар Ресей президенті Трампқа Украинадағы майдан жағдайына қатысты өз бағасын ұсынған. Ушаковтың мәлімдеуінше, Путин АҚШ тарапы қақтығысты тезірек тоқтатуға қандай ықпал ете алатыны жөнінде де пікір білдірген. Әңгіме барысында Путин Ресейдің Еуропа елдеріне қатысты агрессиялық жоспары жоқ екенін тағы да айтқан.

АҚШ делегациясы 5 қыркүйекте Мәскеуге, ал келесі күні Киевке барған. Уиткофф пен Кушнер АҚШ-қа 7 қыркүйекте оралған. Бұл – 2026 жылы Путин мен Трамптың бесінші телефон арқылы сөйлесуі. Бұған дейін екі президент 4 шілдеде байланысқа шыққан. Сол кездегі әңгіме бір жарым сағатқа жуық созылған.

Ақ үй әзірге соңғы телефон қоңырауына қатысты ресми түсініктеме берген жоқ. Еске салайық, бұған дейін Трамп пен Зеленский Ақ үйде жабық форматта келіссөз өткізгенін хабарлаған едік.

Көп оқылғандар