Сурет: Egemen Qazaqstan
Денсаулық сақтау министрлігі республикалық мамандандырылған, қарқынды бақылауы бар психиатриялық ауруханаға кешенді тексеру бастайтынын мәлімдеді. Бұған бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде жарияланған пациенттердің шағымдары себеп болған, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Ведомствоның ақпаратынша, тексеруді Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті жүргізеді. Мамандар медициналық құжаттарды, емдеу процесінің ұйымдастырылуын, пациенттердің ұстау жағдайын, лауазымды тұлғалардың әрекеттерін және емделушілердің құқықтарының сақталуын зерттейді. Тексеруге прокуратура органдары мен Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілдері де қатысады.
Министрлік тексеру қорытындысы бойынша барлық дерекке объективті баға берілетінін атап өтті. Егер заңбұзушылықтар анықталса, кінәлі тұлғаларға қатысты қолданыстағы заңнамаға сәйкес шаралар қабылданады.
Ведомствоның мәліметінше, бұл – Қазақстандағы қарқынды бақылауы бар жалғыз мамандандырылған психиатриялық аурухана. Мұнда сот шешімімен мәжбүрлі медициналық ем тағайындалған азаматтар ем қабылдайды.
Министрлік сондай-ақ аталған мекемедегі пациенттердің 80%-дан астамы жеке адамға қарсы ауыр және аса ауыр қылмыс жасағанын атап өтті. Осыған байланысты ауруханада қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған арнайы емдеу-қорғау режимі қолданылады. Оның мақсаты – пациенттердің, медицина қызметкерлерінің және қоғамның қауіпсіздігін сақтай отырып, емдеу мен оңалтуды қамтамасыз ету.
Мазмұнға өту
