Сурет: АШМ
Бірнеше жыл бұрын Қазақстан даласына қайта әкелінген Пржевальский жылқысы жаңа мекеніне толықтай бейімделе бастады. «Алтын Дала» резерватында бұл жануарлардың Қазақстандағы алғашқы төлі дүниеге келді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Пржевальский жылқысын Қазақстанға қайтару бағдарламасы бүгінде жаңа кезеңге өтті. «Алтын Дала» резерватына жеткізілген жылқылар дала жағдайына бейімделіп келеді. Ал биыл олардың Қазақстанда алғашқы төлі дүниеге келді. Бұл — жануарлардың жаңа ортаға жерсінуінің маңызды көрсеткіштерінің бірі.
Бағдарламаның мақсаты тек жылқыларды әкелумен шектелмейді. Негізгі міндет — тарихи мекенінде еркін тіршілік ететін және табиғи жолмен көбейетін тұрақты популяция қалыптастыру.
Алғашқы 7 жылқы Еуропаның хайуанттар бақтарынан жеткізіліп, «Әліби» орталығына орналастырылды. 2025 жылы қосымша 7 бас жылқы жеткізілді. Биыл тағы 8 жылқы әкелінді. 2029 жылға дейін шамамен 40 бас Пржевальский жылқы жеткізу жоспарланған.
Табиғи мекендеу ортасында өздігінен көбейе алатын Пржевальский жылқысының тұрақты популяциясын қалыптастыру және оның тарихи таралу аймағын қалпына келтіру міндеті тұр.
