Жайық news

Прокуратура көмегімен инвесторға 1,2 млрд теңгелік жобаға жер мәселесі шешілді

Сурет: Жайық Пресс

Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданында прокуратураның араласуымен «KAZMEAT Акжайык» ЖШС инвестициялық жобасын іске асыруға қажетті жер учаскесінің жалдау мерзімі ұзартылды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Бәйтерек ауданының прокуратурасы ҚР Үкіметі жанындағы Инвесторлар құқығын қорғау комитетімен бірлесіп, әкімшілік кедергілерді жою және бизнестің заңды мүдделерін қорғау жұмысын жалғастыруда.

Прокуратура назарына 1,2 млрд теңге тұратын «KAZMEAT Акжайык» ЖШС инвестициялық жобасы ілікті. Жоба азық өндіру үшін тұрақты суару жүйесін құруды және репродуктор фермасын салуды көздейді.

Жоба толық қуатына шыққанда, кәсіпорын 800 гектар алқаптан азық өндіріп, 200 бас ірі қара мал ұстай алады. Сонымен қатар, жобаны іске асыру 30 жаңа жұмыс орнын құруға және ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін арттыруға мүмкіндік береді.

Алайда жобаның іске қосылуы әкімшілік мәселеге байланысты қауіп төнді. Инвестор жобаны жалғастыру үшін аудан әкімдігіне суару және азықтық дақылдар өсіруге қажетті жер учаскесінің жалдау мерзімін ұзарту туралы өтініш білдірген.

Жобаның маңыздылығына қарамастан, өтініш белгіленген мерзімде қаралмаған. Жергілікті атқарушы органның әрекетсіздігі мәселенің шешілуін кешіктіріп, инвестициялық жобаның уақытылы іске асуына кедергі келтірген.

Тиісті шешімді ала алмаған инвестор құқығын қорғау үшін Бәйтерек ауданының прокуратурасына жүгінген.

Прокуратура араласқаннан кейін мәселе жедел шешілді – жер учаскесінің жалдау мерзімі ұзартылды. Осылайша, жобаның мерзіміне және шаруашылықтың қажетті азық қорымен қамтамасыз етілуіне әсер етуі мүмкін кедергі жойылды.

Прокуратура актісін қарау нәтижесінде кінәлі лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Бәйтерек ауданының прокуратурасы Инвесторлар құқығын қорғау комитетінің үйлестіруімен инвестициялық жобаларды сүйемелдеуді жалғастырып, негізсіз әкімшілік кедергілерді уақытылы жоюға және инвесторлар құқығын нақты қорғауды қамтамасыз етуге ерекше назар аударады.

Көп оқылғандар