Сурет: Egemen Qazaqstan
Астанада Қазақстанның халық әртісі, көрнекті опера әншісі Ермек Серкебаевтың туғанына 100 жыл толуына орай «Ғасыр дауысы» атты музыкалық кеш өтті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева оқып берді. Құттықтауда Ермек Серкебаевтың ұлттық өнердің дамуына зор үлес қосқан дарын иесі екені атап өтілген. Президент оның қазақ және әлемдік операларды шебер орындап, мәдениетімізді халықаралық деңгейде танытқанын айтты.
«Әйгілі өнер перзенті Ермек Серкебаевтың 100 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтетін мерейтойлар тізіміне енгізілді. Ермек Бекмұхамедұлы біртуар әнші әрі ұлағатты ұстаз болды. Ол Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында ұзақ жыл еңбек етіп, көптеген шәкірт тәрбиеледі. Осылайша, қайталанбас қолтаңбасы бар ән мектебін қалыптастырды. Дара тұлғаның ғасыр тойы – ұлттық мерей. Оның өрелі өнері, бекзада болмысы – өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге. Сондықтан, Ермек Серкебаевтай ұлт перзентінің есімін ұлықтау, оның мұрасын дәріптеу баршаға ортақ міндет екені анық», – делінген Мемлекет басшысының құттықтауында.
Мерейтойлық кешке Ермек Серкебаевтың отбасы мүшелері қатысты. Сахнада Мұрат Серкебаев, Байғали Серкебаев және Жәмилә Серкебаева өнер көрсетті. Бұл ұрпақтар сабақтастығын дәріптеу мен дара тұлғаның рухани мұрасына құрмет көрсетудің жарқын көрінісі болды.
Мұрат Серкебаев Мемлекет басшысына мәдениет саласына қолдау көрсеткені үшін алғыс айтып, кештің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті. Байғали Серкебаев бұл кештің отбасы үшін де, Ермек Серкебаевтың шығармашылығын қадірлейтін жұртшылық үшін де маңызды екенін жеткізді.
Кеш барысында Ермек Серкебаевтың репертуарындағы қазақ музыка өнерінің алтын қорына енген шығармаларымен қатар, танымал әндердің заманауи өңдеудегі нұсқалары орындалды. Мерейтойлық кеш соңында қатысушыларға Қазақстан Республикасы Президентінің атынан ықылас гүлі табысталды.

