Сурет: Ақорда
Республикалық тамыз конференциясында Мемлекет басшысы дарынды оқушыларды қосымша ынталандыру шараларын қолға алуды тапсырды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Қасым-Жомарт Тоқаев сөзінде жасанды интеллектіні орта білімге енгізу мәселесін көтерді. Оның айтуынша, цифрлық дәуірде адами капитал маңызды факторға айналып, Қазақстанның талантты жастары әлемдік бәсекеге қабілеттілігін дәлелдеп жүр.
«Бірер күн бұрын Ақордаға лайықты марапаттарын алу үшін халықаралық зияткерлік олимпиада жеңімпаздары арнайы келді. Осы оқу жылында дарынды балаларды қосымша ынталандыру шараларын қабылдауды тапсырдым. Олимпиададағы табыстарына ғана емес, ғылыми жобалар байқауындағы жеңістері үшін де ақшалай сыйақы беріледі», деді Президент.
Сондай-ақ, ол озық технологиялар мен жастардың зияткерлік әлеуетінің үйлесімі экономикаға оң әсерін тигізіп жатқанын атап өтті. Жаңа стартаптар пайда болып, инновациялық экожүйе құру қажеттігін, сондықтан Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында саланы басқарудың платформалық үлгісіне көшу басталғанын жеткізді.
Мемлекет басшысы педагогтерді пайдасыз тексерістерден босату керектігін де қадап айтты. Ол мұғалімдерді қағазбастылықтан, бітпейтін есептен, аттестация талаптарынан арылту қажеттігін, сондай-ақ оларды оқу процесіне қатысы жоқ қоғамдық іс-шараларға тартуға жол берілмейтінін ескертті.
Президенттің пікірінше, Оқу-ағарту министрлігі мен әкімдіктер құқықтық-нормативтік базаны жетілдіріп, оқу үдерісін тиімді ұйымдастыруға және білім беру бағдарламаларын саралауға назар аударуы тиіс. Ол жаңа Конституцияда білім саласына алғаш рет айрықша мән берілгенін де атап өтті.
