Сурет: Үкімет
Премьер-министр Олжас Бектенов жанар-жағармай материалдарының ішкі нарығындағы жағдайды бақылау және мұнай өнімдерінің заңсыз ағынын болдырмау жөніндегі тапсырмалардың орындалуы туралы есепті тыңдады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов ЖЖМ нарығындағы тұрақты жағдай туралы баяндады. Қазақстандық мұнай өңдеу зауыттары жоспарлы режимде жұмыс істеп жатыр. Бензин, дизель отыны және авиаотын қорлары ішкі нарықтың қажеттіліктерін қамтамасыз етеді. Министрлік ЖЖМ өндіру мен жеткізуді бақылауда ұстайды.
Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің мәліметінше, жыл басынан бері автомобиль өткізу пункттерінде жалпы көлемі 40 мың литрден асатын 593 мұнай өнімдерін әкету әрекеті тоқтатылған. Мұнай өнімдерін заңсыз әкетуге жол бермеу жөніндегі жол картасы шеңберінде шекара маңы аймақтарында күшейтілген бақылау жүргізілуде. Тереңдетілген тексеру үшін қызметкерлер штаты ұлғайтылды.
Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мобильді топтардың жұмысы туралы баяндады. Патрульдеу тәулік бойы жүзеге асырылады, тәуекелдерді басқару жүйесі шеңберінде шекара маңындағы трассаларда автоцистерналар мен бензин тасығыштар тексеріледі. Соңғы екі тәулікте өткізу пункттерінде қосымша бактар мен канистрлерде 3 тоннадан астам ЖЖМ әкетудің 61 әрекеті тоқтатылды. Сонымен қатар, ЖЖМ тасымалдауға арналған 18 мамандандырылған автокөлік тексерілді. Оның ішінде 34 тонна мұнай өнімін тасымалдаған бір автокөліктен сараптама жүргізу үшін сынамалар алынды.
Қазіргі уақытта мемлекеттік кірістер органдары қызмет көрсету көлемінің қалыптан тыс өсуі тіркелген 62 жанармай құю стансасы мен 22 шағын мұнай өңдеу зауытының қызметіне талдау жүргізіп жатыр. Аталған субъектілерге қатысты тексеру іс-шаралары жүргізілетін болады.
Сондай-ақ ҰҚК төрағасының орынбасары – Шекара қызметінің директоры Ерлан Алдажұманов, бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Рустам Ахметов, Қаржы мониторингі агенттігі төрағасының орынбасары Қайрат Бижанов баяндама жасады. Жиын қорытындысы бойынша Премьер-министр Олжас Бектенов мұнай өнімдерінің ішкі нарығының тұрақтылығын қамтамасыз ету Үкіметтің басым міндеті екенін атап өтті. Мемлекеттік органдарға жағдайды күнделікті бақылауда ұстау тапсырылды.

