Сурет: Egemen Qazaqstan
Елордада дәстүрлі Astana Half Marathon жарысы өтті. Жарыс аясында Funduk Team инклюзивті командасының 10 экипажы стартқа шықты, команда құрамына 40-қа жуық адам кірген, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Әр экипаж бір штурманнан, инклюзивті қатысушы және оған қашықтықты еңсеруге көмектескен үш пилоттан тұрды. Мұндай бастамалар инклюзивті ортаны дамытуға және қалалық кеңістіктің барлық тұрғын үшін қолжетімді әрі жайлы ету қағидаттарын ілгерілетуге ықпал етеді.
«Мен үшін мұндай марафонға қатысу – ең алдымен ірі спорттық оқиғаның атмосферасын сезініп, осы іс-шараның бір бөлігіне айналу мүмкіндігі. Көрермендердің қолдауын сезіну және осындай іс-шаралардың барлық қатысушы үшін барған сайын қолжетімді болып келе жатқанын көру қуантады», деді жарысқа қатысушылардың бірі.
Биылғы Astana Half Marathon жарысы әлемнің 30-дан астам елінен келген шамамен 7000 қатысушының басын қосты. Марафон бағыты елорданың негізгі көшелері мен көрікті орындарын қамтыды. Іс-шара бағдарламасында 21,1 шақырым, 10 шақырым, скандинавиялық жүріс және «Экиден» командалық эстафетасы бойынша жарыстар өтті.

