Сурет: istockphoto.com
Пәкістан астанасы Исламабадтағы ірі мемлекеттік ауруханада болған өрт салдарынан 14 жаңа туған сәби қайтыс болды. Палатадағы 15 баланың бірін дәрігер аман алып қалды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Жергілікті Dawn басылымының хабарлауынша, өрт 26 тамызда таңертең ана мен бала денсаулығын қорғау корпусының үшінші қабатында басталған. Сол кезде палатада 15 сәби болған. Аурухана өкілі Аниза Джалильдің айтуынша, олардың бірін дәрігер құтқарып қалған.
Өртті сөндіруге алты өрт сөндіру көлігі жұмылдырылып, ауруханаға төрт жедел жәрдем көлігі жіберілген. Босанған әйелдер ғимараттан баспалдақ арқылы өз беттерінше шығуға мәжбүр болған. Оқиға кезінде ауруханада жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан.
Пәкістанның денсаулық сақтау министрі Мұстафа Камалдың мәліметінше, алдын ала болжам бойынша, өрт кондиционер компрессорының жарылуынан басталған. Палатадағы оттегі баллондары жалынның тез таралуына себеп болған.
Пәкістан премьер-министрі Шахбаз Шариф оқиғаға қатысты тергеу жүргізуді тапсырып, федералдық денсаулық сақтау министрлігі аппаратының басшысы Мұхаммад Аслам Гауриді қызметінен босатты. Арнайы комиссияға өрт қауіпсіздігі жүйелерінің жарамдылығын тексеру және құтқарушылардың әрекетіне баға беру тапсырылды. Комиссия өз қорытындысын бір тәулік ішінде ұсынуы тиіс.
