Сурет: Egemen Qazaqstan
10 шілдеден бастап еліміздегі автожолдардың бес учаскесінде орташа жылдамдықты бақылау жүйесі іске қосылды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Ішкі істер министрлігі жол қауіпсіздігін арттыру мақсатында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Жол-көлік оқиғаларының алдын алу басым міндеттердің бірі. Осы бағыттағы тиімді шаралардың бірі – көлік құралдарының орташа жылдамдығын бақылау.
ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранованың айтуынша, бұл жүйе қауіпті маневрлер мен жылдамдықты күрт арттырудың алдын алып, жүргізушілердің белгіленген жылдамдық режімін сақтауына ықпал етеді.
2025 жылғы 17 наурыздан бері республикалық маңызы бар ақылы автожолдардың сегіз учаскесінде (шамамен екі мың шақырым) орташа жылдамдықты бақылау жүзеге асырылып келеді. Биыл 10 шілдеден бастап бұл жүйе 525 шақырымды құрайтын тағы бес учаскеде іске қосылды. Олар – Ақтөбе – Қандыағаш, Алматы – Қорғас, Көкшетау – Петропавл, Астана – Теміртау және Астана – Щучинск автожолдарының қосымша учаскелері. Қазіргі уақытта жалпы ұзындығы шамамен 2,5 мың шақырым болатын тағы 14 ақылы жол учаскесін кезең-кезеңмен осы жүйеге қосу мәселесі қарастырылып жатыр, – деді А.Боранова.
Оның айтуынша, орташа жылдамдықты бақылау жүйесін енгізудің басты мақсаты – жүргізушілерді жазалау емес, адам өмірін сақтау. Статистика бойынша, жылдамдықты шамадан тыс арттыру ауыр зардаптарға әкелетін жол-көлік оқиғаларының негізгі себептерінің бірі болып қалып отыр.
Барлық жүргізушіні белгіленген жылдамдық режімін сақтауға, жолда мұқият әрі жауапты болуға шақырамыз. Жылдам жүремін деп үнемделген бірнеше минут адам өмірінен қымбат емес. Жол қауіпсіздігі әрқайсымыздың сана-сезімімізге байланысты. Өздеріңізді және жақындарыңызды сақтаңыздар!, – деді ІІМ өкілі.
Мазмұнға өту
