Сурет: Жайық Пресс
Орал қаласындағы Ақжайық шағын ауданында көпқабатты тұрғын үй құрылысы жалғасуда. Облыс әкімі Нариман Турегалиев мердігер компаниялар өкілдерімен кездесіп, көпқабатты үйлердің салыну барысымен танысты.
Тұрғын үй кезегінде тұрғандар үшін шағын ауданның 12 учаскесінде 1200 пәтерге шақталған 14 көпқабатты үй салу жоспарланған. Қазіргі уақытта сегіз құрылыс компаниясы жұмысқа кіріскен. 684 пәтерге есептелген тоғыз үй биылғы жылдың соңына дейін пайдалануға берілуі тиіс.
Бес қабатты үйлер заманауи жобалар бойынша тұрғызылуда. Фасадтар фиброцементті панельдермен қапталады, шағын ауданда инженерлік желілер толығымен тартылған.
Құрылыс алаңдарын аралау кезінде облыс басшысы пәтерлерді көріп, жұмысшылармен сөйлесті.
– Жаңа үйлер қаланың көркіне айналады. Тұрғындарға қолайлы жағдай жасау – біздің басты міндетіміз, – деді облыс әкімі.
Болашақта Ақжайық шағын ауданында 60-қа жуық әлеуметтік нысан салу жоспарлануда. Олардың қатарында 70 көпқабатты тұрғын үй, төрт балабақша, үш мектеп, аурухана, перинаталдық орталық және 12 мың көрерменге арналған стадион бар.
Нариман Турегалиев жауапты қызметтерге инфрақұрылымдық жобалардың іске асырылуына ерекше назар аудара отырып, жұмыстардың уақытылы әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Мазмұнға өту
