Қаржы

ОПЕК+ отырысы қарсаңында мұнай бағасы 90 долларға жуықтады

Сурет: Gulf Today

2 тамыздағы жағдай бойынша әлемдік мұнай бағасы жұма күнгі сауда қорытындысында қалыптасқан деңгейде сақталып отыр. Әлемдік мұнай нарығының назары бүгінде ОПЕК+ елдерінің кездесуіне ауып отыр, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Сауда қорытындысы бойынша Brent маркалы мұнай фьючерстерінің бағасы барреліне шамамен 90 доллар деңгейінде жабылды. Ал америкалық WTI мұнайы барреліне 84-85 доллар аралығында саудаланды. Шілде айында Таяу Шығыстағы геосаяси шиеленістер мен мұнай жеткізіліміне қатысты тәуекелдердің күшеюі аясында екі мұнай маркасының да бағасы айтарлықтай өсті.

Нарық қатысушыларының басты назарында ОПЕК+ елдерінің (Қазақстан, Сауд Арабиясы, Ресей, Ирак, Кувейт, Алжир және Оман) 2 тамыздағы кездесуі тұр. Сарапшылардың болжамынша, альянс қыркүйек айында мұнай өндіру көлемін тәулігіне қосымша 188 мың баррельге арттыруды мақұлдауы мүмкін. Осыдан кейін өндіріс көлемін ұлғайту қазан айынан бастап уақытша тоқтатылуы ықтимал.

Мұнай бағасының жоғары деңгейде сақталуына Ормуз бұғазы мен Қызыл теңіз арқылы жүк тасымалының шектелуі және жеткізілімдердегі іркілістер ықпал етіп отыр. Сарапшылардың пікірінше, ОПЕК+ өндіру көлемін арттырған күннің өзінде, қосымша мұнайдың бір бөлігі логистикалық қиындықтарға байланысты әлемдік нарыққа дер кезінде жетпеуі мүмкін. Сондықтан бұл шешім бағаның күрт төмендеуіне бірден әсер ете қоймайды.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстан, Сауд Арабиясы, Ресей, Ирак, Кувейт, Алжир және Оман 2026 жылғы тамыздан бастап мұнай өндіру көлемін тәулігіне 188 мың баррельге ұлғайту туралы шешім қабылдағанын жазғанбыз.

Көп оқылғандар