Сурет: Egemen Qazaqstan
Премьер-министр Олжас Бектенов Астананың спорттық және қалалық инфрақұрылымын «Болашақ ойындары-2026» халықаралық фиджитал-турнирін өткізуге дайындау барысымен танысты, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша турнир 29 шілдеде Астанада басталады. Жарыс Еуропа, Азия, Таяу Шығыс және Латын Америкасының 35 елінен мыңға жуық спортшыны біріктіреді. Шет мемлекеттердің басшылары, халықаралық спорт ұйымдарының басшылығы және цифрлық индустрияның ірі компаниялары салтанатты ашылу рәсіміне қатысатындарын растады.
«Болашақ ойындары-2026» – дәстүрлі спорт пен цифрлық сайыстарды біріктіретін фиджитал-турнир. Жарыстар 4 алаңда өтеді: «Барыс Арена» көпфункционалды мұз сарайы, «QAZAQSTAN» жеңіл атлетикалық спорт кешені, Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайы және Beeline Arena ұлттық теннис орталығы.
Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов нысандардың дайындығы және олардың гибридті форматқа бейімделуі жөнінде баяндады. Цифрлық жабдықтың үздіксіз жұмысы қамтамасыз етілді, қатысушылар мен қонақтарды қабылдау алаңдары дайындалды, мыңнан астам еріктілер орталығының жұмысы үшін жағдай жасалды. Қауіпсіздік, логистика және сервистік қызмет көрсету деңгейіне ерекше назар аударылды.
Турнирге қатысушылар 8 сайыс бойынша өнер көрсетеді: фиджитал-футбол, фиджитал-баскетбол, фиджитал-атқыштар, фиджитал-жекпе-жек, фиджитал-би, Battle Royale, сондай-ақ дербес компьютерлер мен мобильді құрылғылардағы MOBA. Жалпы жүлде қоры $4 млн-нан асады. Қазақстан атынан барлық 8 сайыс бойынша 11 команда өнер көрсетеді.
Салалық ведомствоның бағалауы бойынша, іс-шараға 10 мың шетелдік турист келеді. Бұл қонақ үй, көлік және сервис салаларындағы қызметтердің дамуына серпін береді. Премьер-министр турнирді өткізуге қатысы бар барлық мемлекеттік органдар мен ұйымдардың үйлесімді жұмысын қамтамасыз етуді тапсырды.
Мазмұнға өту
