Сурет: Egemen Qazaqstan
«Өрмекші адам: Жаңа күн» фильмі еліміздің кинотеатрларында тұсауы кесілген бойда прокат тарихындағы ең жоғары көрсеткішке қол жеткізді. Бір тәулік ішінде картина 374,9 миллион теңге кассалық табыс жинап, отандық кино прокатындағы алғашқы күнгі рекордты жаңартты, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Алдын ала деректерге сүйенсек, фильмнің алғашқы сеанстарын 160 мыңнан астам көрермен тамашалаған. Бұл жаңа туындыға жергілікті жұртшылық тарапынан ерекше қызығушылық барын көрсетеді.
Айта кетерлігі, фильмнің еліміздегі жалпы кассалық түсімінің 5,8 пайызы қазақ тіліндегі дубляж көрсетілімдеріне тиесілі. Бұл мемлекеттік тілдегі сапалы дубляжға сұраныстың артқанын және қазақ тілінде кино көрушілер аудиториясының кеңейіп келе жатқанын байқатады.
«Өрмекші адам» франшизасы әлемдік киноиндустриядағы ең танымал жобалардың бірі саналады. Сондықтан жаңа бөлімнің рекордтық көрсеткішпен басталуы таңғаларлық емес. Фильмнің әлемдік прокаттағы табысы қазірдің өзінде 1,1 миллиард доллардан асып, жылдың ең табысты киножобаларының қатарына қосылды.
Сарапшылардың пікірінше, жаңа туындының жоғары кассалық көрсеткіші көрерменнің үлкен экранға деген қызығушылығы сақталғанын және Қазақстандағы кино нарығының әлеуеті артып келе жатқанын тағы бір рет дәлелдеді.
Мазмұнға өту
