Сурет: Egemen Qazaqstan
Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында Қазақстанда өнеркәсіптік әлеуетті арттыру және көлік-логистика инфрақұрылымын жаңарту жалғасуда, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Шілде айының басынан бері бірқатар маңызды жоба іске қосылды. Көлік және жол саласында 30 теміржол вокзалы жаңғыртылды. Шатырлар, қасбеттер мен инженерлік желілер жаңартылып, пандустар, лифтілер және тактильді жолақтар орнатылды. Түркістан облысында «Түркістан – Кентау – Еңбекші – Диқан» автожолының 4 шақырымдық учаскесі пайдалануға берілді. Республика бойынша республикалық маңызы бар жолдардың 120 шақырымына асфальт төселді.
Су шаруашылығында Үлкен Алматы каналының 1,5 шақырымдық апатты учаскесі қайта жаңғыртылды. Бұл 33,3 мың гектар ауыл шаруашылығы жерін сумен қамтамасыз етуді жақсартады. Түркістан облысында «Найман» каналы жаңғыртылып, 75 гидротехникалық нысан салынды. Батыс Қазақстан облысында Киров су қоймасында гидротехникалық құрылыстар жаңартылып, тасқын суды қауіпсіз өткізу мүмкіндігі күшейтілді.
Өнеркәсіп саласында Kentau Cable Industries оптикалық кабель зауыты іске қосылды. Инвестиция көлемі 1,7 млрд теңге, жылына 33 мың шақырым кабель өндіріледі. Кәсіпорында 100 жаңа жұмыс орны ашылды. ElectroCore зауыты арнайы техникаға арналған металл шкафтар өндірісін бастады. Жобаға 1,5 млрд теңге инвестиция салынып, жылдық қуаты 12 мың өнімге дейін жетеді. 100 жаңа жұмыс орны құрылды.
Әлеуметтік инфрақұрылымда Ақтөбеде грек-рим және еркін күреске арналған дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды. Орталық бір мезгілде 200-ге дейін спортшыны қабылдай алады.
Мазмұнға өту
