Жайық news

Өнеге ауылында гибридті электр стансасы кесте бойынша салынуда

Сурет: Жайық Пресс

Жәнібек ауданындағы Өнеге ауылының маңында гибридті электр стансасының құрылысы кестеге сәйкес жүргізілуде. Инвестициялық жобаның барысымен облыс әкімінің орынбасары Тлепберген Каюпов танысты.

«Green Spark Power 01» ЖШС жүзеге асырып жатқан жоба аймақтың энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды қадамдардың бірі болады. Заманауи стансаның жобалық қуаты 4,9 МВт құрайды. Нысан 10 гектар аумақта орналасқан.

Жобаның іске асуы аймақ үшін ерекше мәнге ие. Қазіргі уақытта Жәнібек және Бөкейорда аудандары Ресей Федерациясының энергожүйесіне тәуелді. Жаңа гибридті станса іске қосылғаннан кейін импорттық электр энергиясына тәуелділік төмендейді, сондай-ақ «Жәнібек», «Жасқайрат» және «Сайқын» қосалқы стансалары арасында электр энергиясын тиімді бөлу мүмкіндігі пайда болады.

Нысанды пайдалануға беру жұмыстары екі кезеңде жүргізілуде. Жоба аясында жалпы қуаты 0,9 МВт болатын 2380 күн панелін желіге қосу жоспарланған. Бүгінгі таңда 1044 панель орнатылған. Жақын арада төрт газпоршеньді қондырғыны монтаждау басталады.

Сонымен қатар, құны 1,5 млрд теңгені құрайтын жоба аясында стансаның тұрақты жұмысы үшін қажетті инженерлік инфрақұрылым жасалуда. Газбен және электрмен жабдықтау жұмыстары 98 пайызға орындалған.

Облыс әкімінің орынбасары құрылыс барысымен танысып, жобаның стратегиялық маңызын атап өтті. Ол Президент тапсырмасына сәйкес елдегі жаңартылатын энергия көздерінің үлесін 2030 жылға қарай 50 пайызға жеткізу міндеті қойылғанын жеткізді. Оның сөзінше, маңызды нысанның құрылысы облыс басшылығының тұрақты бақылауында.

Станса пайдалануға берілгеннен кейін екі шекаралас ауданның 31 мыңнан астам тұрғыны отандық генерацияның үздіксіз, сенімді және тәуелсіз электр энергиясымен толық қамтамасыз етілетін болады.

Көп оқылғандар