Сурет: Жайық Пресс
Облыс әкімі Нариман Турегалиев Оралдағы белсенді ұзақ өмір сүру орталығына барып, егде жастағы тұрғындармен кездесті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
2023 жылы ашылған орталық қазір 631 зейнеткерді біріктіреді. Оған қаланың әр ауданынан күн сайын шамамен 130 адам келеді. Мұнда қарттардың белсенді әрі мазмұнды демалысы, денсаулығын нығайту және шығармашылық әлеуетін іске асыру үшін барлық жағдай жасалған.
Сабақтар 14 бағыт бойынша өтеді. Олардың қатарында йога, емдік дене шынықтыру, скандинавиялық жүріс, еңбек терапиясы, психология, есте сақтау қабілетін дамыту, шет тілдерін үйрену, музыка, сурет салу және би бар. Домбыра үйірмесі мен басқа да шығармашылық бағыттар ерекше сұранысқа ие.
Кездесу барысында Н. Турегалиев орталыққа келушілермен әңгімелесіп, өңірде атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып, зейнеткерлердің қолынан шыққан бұйымдармен танысты.
Облыс әкімі егде буын өкілдеріне белсенді өмірлік ұстанымы, қоғамдық өмірге қатысуы және жастарды тәрбиелеуге қосқан үлесі үшін алғыс білдірді. Ол аға буынның тәжірибесі мен өмірлік құндылықтары қоғам үшін ерекше маңызға ие екенін атап өтті.
Өз кезегінде зейнеткерлер әкімге ұсыныстары мен тілектерін жеткізді. Ең басты мәселелердің бірі – орталықтың мүмкіндіктерін кеңейту. Келушілердің айтуынша, мұнда айналысқысы келетіндердің саны жыл сайын артып келеді, сондықтан жаңа нысан салу қажеттілігі туындап отыр.
Нариман Турегалиев бұл мәселені қарастырып, оны шешудің ықтимал жолдары зерттелетінін жеткізді.
Егде буын өкілдері өңірде атқарылып жатқан жұмысты оң бағалап, Оралда болып жатқан өзгерістерді ерекше атап өтті.
