Ақорда

Нұрлыбек Нәлібаев 124 теміржол вокзалын жаңғырту мәселесін талқылады

Сурет: Үкімет

ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен 124 теміржол вокзалын жаңғырту және реконструкциялау мәселелері бойынша кеңес өтті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Кеңеске облыс әкімдері, Көлік, Өнеркәсіп және құрылыс министрліктерінің және «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басшылығы қатысты.

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басшылығының 124 теміржол вокзалын жаңғырту және реконструкциялау барысы туралы, Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау, Абай облыстары әкімдерінің баяндамалары тыңдалды. Бүгінгі таңда 71 теміржол вокзалы пайдалануға берілді. Қалған нысандар бойынша жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес жалғасады.

Кеңес барысында нысандарды салу және жаңғырту мерзімін сақтауға, жұмыстың сапалы орындалуына, мемлекеттік органдар мен мердігер мекемелер арасындағы үйлестіруді күшейтуге ерекше назар аударылды.

Кеңес қорытындысы бойынша Нұрлыбек Нәлібаев мүдделі мемлекеттік органдарға теміржол объектілерін пайдалануға беру мерзімін сақтауды, құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапасына бақылауды күшейтуді тапсырды.

Айта кетейік, елімізде жаз басталғалы бері қайта жаңғыртудан өткен 70 теміржол вокзалы пайдалануға берілді. Оның 40-ы шілде айында ашылды.

Көп оқылғандар