Әлем

Неміс азаматы 30 жылдан кейін Қазақстанға оралды

Сурет: видеодан алынған кадр

Қазақстанда туып, кейін Германияға қоныс аударған этникалық неміс Андрей Брот ұзақ жылдардан соң туған жеріне қайта келді. Астана әуежайында оны мектептегі сыныптастары ерекше құрметпен қарсы алды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Достары қолдарына «Туған жеріңе қайта қош келдің!» деген жазуы бар плакат ұстап, қазақтың шашу дәстүрін жасап, иығына шапан жапты.

Андрей сыныптастарымен бірінші сыныптан бірге оқыған. Мектеп бітіргендеріне 45 жыл өтсе де, олар арадағы байланысты үзбей, тұрақты түрде бас қосып келеді. Бұл жолы достар үш күнге Астанада кездесуді жоспарлаған.

Андрей Брот қазақ тілінде еркін сөйлейді. Ол Жамбыл облысындағы Қарабұлақ ауылында дүниеге келіп, Қазақстанда мектеп бітірген, әскери борышын өтеп, отбасын құрған. Кейін Германияға қоныс аударып, сонда шамамен 30 жылдан бері тұрып келеді.

Ол Қазақстанды қатты сағынғанын жасырмады.

«Сағынғанымды сөзбен жеткізу мүмкін емес. Бұл жаққа келмегеніме 15 жыл болды. Сыныптастарым қарсы алып жатыр. Өзімді туған үйіме оралғандай сезініп тұрмын», деді Андрей.

Әсерлі сәт түсірілген бейнежазба әлеуметтік желілерде кең тарап, көпшіліктің жүрегін елжіретті. Желі қолданушылары шынайы достық пен туған жерге деген сағынышқа тәнті болғандарын айтып, жылы лебіздерін білдірді.

Көп оқылғандар