Қоғам

«Назар аударыңыз, балалар» акциясы: 7 мың полицей мен 16 мың бұзушылық анықталды

Сурет: Egemen Qazaqstan

Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың қатысуымен болатын құқық бұзушылықтардың алдын алу және жол-көлік оқиғаларынан жарақаттануды азайту мақсатында «Назар аударыңыз, балалар!» акциясы жалғасуда, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Іс-шараға 7 мыңнан астам полиция қызметкері, мемлекеттік органдардың, білім беру және денсаулық сақтау ұйымдарының өкілдері, сондай-ақ еріктілер тартылған. Акция барысында 16 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды.

Ерекше назар балалардың түнгі уақытта үйден тыс жерде және ойын-сауық орындарында жүруіне, балаларды көлікпен тасымалдау ережелерінің бұзылуына, ата-аналардың бала тәрбиесіне қатысты міндеттерін орындамауына және кәмелетке толмағандарға алкоголь мен темекі өнімдерін сатуға аударылуда.

Алдын алу жұмыстары кезінде қараусыз және панасыз жүрген 1969 жасөспірім анықталды. Білім беру ұйымдарының маңындағы жолдар мен жол инфрақұрылымы тексеріліп, анықталған кемшіліктерді жою үшін 2290 нұсқама берілді.

Жаңа оқу жылы қарсаңында жол қозғалысына қатысушылардың барлығына үндеу жасалады: мектептер мен жаяу жүргіншілер өткелдерінің маңында мұқият болу, жылдамдықты төмендету, балаларды көлікпен тасымалдау ережелерін қатаң сақтау қажет. Балаңызбен бірге үйден мектепке дейінгі қауіпсіз жолды жүріп өтіп, жол қозғалысы ережелерін түсіндіріп, дұрыс үлгі көрсету маңызды.

Жолда абай болу, телефонға алаңдамау, жолдан тек қауіпсіздікке көз жеткізгеннен кейін өту керек. Балалардың қауіпсіздігі – ортақ жауапкершілік, ал ересектердің басты міндеті – әрбір баланың үйіне аман-есен оралуы үшін барлық қажетті шараны жасау.

Айта кетейік, елімізде электросамокатпен тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолымен жүруге заңмен тыйым салынды.

Көп оқылғандар